Литвада тоғызқұмалақ федерациясы ашылды

Литвада тоғызқұмалақ федерациясы ашылды
сурет: Massaget.kz

Литвада қазақтың дәстүрлі ойыны тоғызқұмалақтың танымалдылығы өсуде.

Литваның астанасында Балтық өңіріндегі алғашқы тоғызқұмалақ федерациясы ашылды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

Тоғызқұмалақ федерациясын тіркегендер Литвада қазақтың ұлттық ойынын насихаттап жүрген ерлі-зайыптылар: Айдас Жандарис және Рамуте Жандариене.
Бірнеше жылдан бері Қазақстанның Литвадағы Елшілігі Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясымен және литвалық серіктестермен ынтымақтаса отырып, аталған елде қазақтың зияткерлік ойынын таныстыру бойынша тынымсыз жұмыс жүргізіп келеді.
Литвалық оқушылар мен студенттерге тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын үйрететін шеберлік сабақтары тұрақты түрде өтіп тұрады.
2019 жылы А. Жандарис пен Р. Жандариене Қазақстан Елшілігімен және дүниежүзілік федерациямен бірлесіп, алғаш рет литва тілінде ойнауға арналған әдістемелік құрал шығарып, оны «Мектеп» ірі аймақтық көрмесінде паш еткен.
Көне ойын Литвада белсенді дамып келеді және жанкүйерлерін жаулап алуда. Литвада осы күнге дейін тоғызқұмалақтан 2 жарыс өтті.
Қызығушылық танытқандар Қазақстанда жасалған тақталарды Вильнюстің ескі қаласының дәл орталығында, Жандаристардың кітап дүкенінен сатып ала алады.
Федерация құрылтайшылары оның ашылуын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап, ойынды ары қарай дамытып қана қоймай, жақын арада Қазақстандағы ойын шеберлеріне елеулі бәсекелестік жасауды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның ортақ ұсынысының негізінде ЮНЕСКО тоғызқұмалақ ойынын Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраның репрезентативтік тізіміне қосты.