Күн қатты ысығанда терезенің алдына су қоюға болмайды

Күн қатты ысығанда терезенің алдына су қоюға болмайды
Сурет: Novochag.ru

Су үлкейткіш әйнек сияқты жарық сәулесімен шағылысып, одан өрт шығып кету қаупі бар.

Петропавл қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері осындай ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚазАқпарат агенттігінің таратқан ақпаратына сай, өткен жексенбіде Петропавлда ерекше оқиға болған. Атап айтқанда, 9 шілде сағат 20:20-да 101 номеріне Ш. Уәлиханов көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерлердің бірінің балконында түтін көрінгені туралы ақпарат түседі. Пәтер құлыптаулы болған, ал ешқандай өрт белгілері көрінбейді. Анықталғанындай, жоғары қабатта тұратын көршілері түтінді байқаған. Балконның сыртына бекітілген гүл өсіруге арналған ағаштан жасалған қорап тұтанған болып шықты. Ол күннің ыстығынан жана бастаған.

СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне балконға автосатымен көтеріліп, өрт көзін сөндіру үшін бір шелекке толмайтын су жеткілікті болды. Мамандар өртке үйдің жоғарғы қабаттарынан түскен темекі тұқылының себеп болғанын анықтады.

Осы орайда, өрт сөндірушілер қауіпсіздікті еске салады:

- Балконда еріткіштерді, бояуларды ұстау өте қауіпті.

- Балконды қажетсіз заттармен толтырмаған дұрыс.

- Оттықты қалдырмаңыз, күн сәулесінен қызған кезде ол жарылып кетуі мүмкін.

- Балконға, терезе алдына су қоймаңыз, олар үлкейткіш әйнек сияқты жарық сәулесін шоғырландыруы мүмкін!

- Өрт тұтанса, дереу «101» телефон номері арқылы хабарлау керек. Егер өрт күшейіп кетсе, жел үрлеп кетпеу үшін есікті және терезелерді мықтап жауып, балконнан дереу шығыңыз. Көршілерге өрт туралы ескертіңіз.