Коворкинг-орталық жастардың даму орнына айналады

Коворкинг-орталық жастардың даму орнына айналады
gov.kz

Қонаев қаласы мен Алматы облысының Кеген ауданында екі коворкинг-орталық ашылды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Орталықтардың ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, мемлекеттік, жастар және зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты.

Бұл жерден жастар психологиялық және заңгерлік қолдау, қаржылық сауаттылық, NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша кеңес ала алады.

«Министрлік жастар саясатын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Коворкинг-орталықтар өңір жастарын әлеуметтендіруде маңызды септігін тигізеді. Бұл алаңдарда тегін бизнес-тренингтер, мастер-кластар, кездесулер, көрмелер және басқа да маңызды іс - шаралар өткізіледі», — деді Қайрат Қамбаров.

Естеріңізге сала кетейік, Үкімет 2023-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын бекітті, оның шеңберінде Қазақстанда ауыл жастарын дамыту және жан-жақты қолдау үшін жағдай жасау жөнінде нақты шаралар қабылдануда.

Осылайша, өңірлерде 900 мыңға жуық жасты цифрлық сауаттылыққа үйрету, «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Zhas project» өңірлік гранттарын бөлу жоспарлануда. Басқа да органдармен бірлесіп, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламалары іске асырылады.

Жұмыс сапары барысында комитет төрағасы Алматы облысының жастарымен бірқатар кездесу өткізді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі