Көлікті мас күйінде жүргізген Мәслихат депутаты қамауға алынды

Көлікті мас  күйінде жүргізген Мәслихат депутаты қамауға алынды
Сурет: Halyq-uni.kz

Ақтөбеде көлікті мас болып жүргізген экс-депутатқа сот үкімі шықты.

Бұл туралы  қалалық әкімшілік құқықбұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Оқиға 5 қазанда болған. Ақтөбе қаласында Байшева көшесінде Lexus көлігін жүргізген 53 жастағы әйелдің жеңіл масаң халде болғаны анықталған еді.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608 бабы 1-бөлігі («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру») бойынша іс қозғалды. Сот үкімімен айыпталушы 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды», - делінген ресми хабарламада.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Экс-депутат мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және жастар жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі болған. Сондай-ақ ол фитнес орталықты басқарған. Жанжалдан кейін ол депутаттық өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдеме жасады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сәния Мұратова соттың шешімімен алты ай мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылғанын хабарлаған болатынбыз.