Қысқы Универсиада-2023: Қазақстан хоккейшілері Оңтүстік Кореядан басым түсті

Қысқы Универсиада-2023: Қазақстан хоккейшілері Оңтүстік Кореядан басым түсті
Сурет: Ашық дереккөзі

Қысқы Универсиада АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 12-22 қаңтар аралығында болады.

2023 жылғы Қысқы Универсиадада шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасы алғашқы ойынын Оңтүстік Кореяның командасымен өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Ойынның 14-ші минутында Әли Қасенов мергендік танытты.

Екінші кезең басталғаннан кейін кореялық хоккейшілер таразы басын теңестірсе, 24, 26-шы минуттарда Кирилл Полохов Қазақстан құрамасының басымдығын арттырды.

Ал 38-ші минутта қазақстандық Максим Мухаметов қақпаны дәл көздеді.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсті.

Қазақстандық хоккейшілер В тобында Оңтүстік Корея, Венгрия, Ұлыбритания, Словакия және АҚШ-пен сынға түседі.

Аталған топта алғашқы турда АҚШ құрамасы Ұлыбритания 18:0 есебімен тізе бүктірсе, Словакия хоккейшілері Венгриядан 4:0 есебімен басым түсті.

Енді еліміздің студенттер құрамасы 13 қаңтарда Венгриямен шеберлік байқасады. Одан кейін 16 қаңтарда Ұлыбритания, 17 қаңтарда Словакия, 18 қаңтарда АҚШ құрамасымен ойнайды.

А тобында Жапония Латвиядан 8:3, Чехия Швецияны 7:2, Канада Украинаны 6:1 есебімен жеңді.

Қысқы Универсиада АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 12-22 қаңтар аралығында болады.

Қазақстан студенттер құрамасы дүбірлі додаға тоғыз мәрте қатысты. 1995 жылы Испанияның Хака қаласында чемпиондық тұғырға көтерілсе, 1993, 2013, 2015, 2017 жылдарда күміс, 2007 жылы қола медаль иегері атанды.

Еске салсақ, шайбалы хоккейден Қазақстан студенттер құрамасының бас бапкері қызметіне Ғалым Мәмбетәлиев тағайындалды.