«Кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек»

«Кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек»
Сурет: Akorda.kz

Мемлекет басшысы елорданың  инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармағанын айтты

Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Мемлекет басшысы елордадағы ауыз су тапшылығы мәселесіне айрықша тоқталып өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Астананы сумен қамтамасыз ету өте маңызды міндет. Жаздың басында су тапшылығы қатты сезілді. Бұған тұрғындар наразылық білдіргенін білесіздер. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингке шықты. Бұл – елорда өмірінде болып жатқан келеңсіз оқиғалар. Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отырғанын айтты.

«Су алатын басқа жер жоқ. Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық», - деді Қ. Тоқаев.