Киіз үйге сұраныс көбейген

Киіз үйге сұраныс көбейген
Сурет: Abai.kz

Темірден түйін түйген шеберлер.

Түркияда жер сілкінісінен жапа шеккендерге Қазақстаннан жіберілген киіз үйлердің біразы Жетісу облысында жасалды.Нақтырақ айтқанда, Көксу ауданының Мұқыры ауылында әзірленді. Ұлттық құндылығымызды қазіргі заманға сай бейімдеген өндіріс орнында 30 адам жұмыс істейді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Киіз үй жасаушылар күніне үш үй құрастырады. Уығын иіп, керегесін дәнекерлеп, жабындыларын да тігеді. Киіз үйдің шаңырағы мен керегесін дәнекерлеп, уығын ию - Азат Бағдаттың міндеті. Темір ұстасы күніне бір үйдің бөлшектерін дайындайды. Құрастырылған мұндай баспананың өзіндік артықшылығы бар, - дейді шебер. 

«Бұл төрт бұрышты труба болғаннан кейін жеңіл болады. Алып жинағанға қолайлы. Тез тігіледі, тез құралады деген секілді. Тез қайтадан бұза салуға болады. Өте қолайлы», - дейді дәнекерлеуші Азат Бағдат.

Шеберханада киіз үйдің жабындары да тігіледі. Оған киізбен қатар мақта және су өткізбейтін брезент қолданылады. Ал ою-өрнектер арнайы тапсырыспен матаға басылады.

«Шыдамдылығы былай ондаған жылдарға жетеді. Бір қазақ үйге 150 метр мата кетеді. Және мына шекпеннен 150 метр кетіп қалады. Біз 8 метрлік, 10 метрлік үй тігіп жатырмыз», - дейді шеберхана меңгерушісі Жолдыхан Зияутдинқызы. 

Өндіріс орны жеті жылдан бері жұмыс істейді. Шеберлер қолынан шыққан 34 киіз үй бауырлас Түркияға жіберілген.