Қиын шақта жәрдемдесу - қанда бар қасиет

Қиын шақта жәрдемдесу - қанда бар қасиет

Алматы жұртшылығы Қостанайдан жәрдемін аямады

Алматы әкімдігі Қостанай облысында зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинағын жариялады. Бұған қала тұрғындары мен ерікті азаматтар өз үлесін қосып жатыр.

Қостанай облысындағы өртке байланысты Алматыда өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау басталды. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының фронт-офисінің еріктілері Мемлекеттік жастар саясаты қорымен, Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасымен, сондай-ақ Алматы қаласының аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинағын ұйымдастырды.

Гуманитарлық көмек берілді

«Қаражат пен қажетті азық-түлік, киім-кешек пен құрылыс материалдарын жинауға кәсіпкерлер, аудандық әкімдіктер қосылды. Бүгін Қостанай облысына гуманитарлық көмекпен төрт жүк көлігі аттанады. Біз негізгі азық-түлік – су, қант, май, жарма, печенье, кептірілген жемістер және т.б., сондай-ақ ересектер мен балаларға арналған киім, мектеп керек-жарақтары, аяқкиімдер жинадық», – деп түсіндірді жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.

Гуманитарлық көмек жинау және еріктілерді қабылдау қаланың барлық сегіз ауданында таңертең ерте жүргізіледі, жиынның бас штабы Байтұрсынов көшесі, 22, 1-бөлме мекенжайы бойынша DEPO EVOLUTIONS PARK болып белгіленді. Азық-түлік, ұзақ мерзімді сақтау өнімдері, дәрі-дәрмектер, гигиена құралдары, киім және төсек-орын жабдықтары жиналады.

«Біз қалалық волонтерлік ұйымдарды біріктірдік. Жастар саясаты басқармасының фронт-офисінің еріктілері, сондай-ақ студенттер қатарындағы Мемлекеттік жастар саясаты қорының еріктілері таңертеңнен бастап гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінде жұмыс істеуде. Мегаполис тұрғындары да шетте қалған жоқ. Бізге киімдер, балалар тағамдарын әкелуде. Қазіргі уақытта еріктілер жүк көліктерін Қостанай облысына жөнелтуде», – деді Алматы қаласының мемлекеттік жастар саясаты қорының директоры Әзиз Қажденбек.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшылығы қала тұрғындарын акцияға қосылуға және Қостанай облысында зардап шеккен отбасыларға көмектесуге шақырды. Көмек көрсетуге, волонтер болуға немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектескісі келетіндердің барлығына ұйымдастырушылар 8 707 438 77 33 телефоны бойынша – Алматы қаласының волонтерлер фронт-офисінің басшысы Нұрсұлтан Болатұлына қоңырау шалуды сұрайды. 

Сонымен қатар, алматылық еріктілер қалпына келтіру жұмыстарына қатысады, сондай-ақ Қостанай облысында жүк жинау үшін арнайы қоймалар ұйымдастырады және халыққа көмек тарату жұмыстарын жүргізетін болады.

АЛҒАШҚЫ ЛЕК

Алматыдан Қостанайға жиналған жылудың алғашқы легі 4 қыркүйекте аттанған болатын. Осы жұмыстың қалай өрбігендігі туралы да айта кетсек дейміз. Алматыда «Жастар рухы» коворкинг-орталығында Қостанайдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек ұйымдастырылды.

Бұл шараға мұрындық болушы Аmanat партиясының Алматы қалалық филиалы болып табылады. Бірнеше күннен бері Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы өрттен орман-тоғай ғана өртеніп қоймай, адам шығыны да орын алды. Тілсіз жау біршама аумақты шарпыды. Соның салдарын жоюға Алматы жұртшылығы да өз жәрдемдерін тигізуде. 

Аталған көмек орталығына белді кәсіпкерлер, қала тұрғындары, қарапайым азаматтар да өз үлестерін қосуда. Нақтырақ айтқанда, қант, ұн, күріш, сары май, сабын сынды тұрмыстық қажеттілік тудыратын заттар жиналу үстінде. Бұл туралы «Жастар рухы» ЖҚ АҚФ төрағасы Әкежан Кеңесов мәлім етті.

Сонымен қатар, аталған орталықтың жұмысына қарапайым  шаһар тұрғындары мен жастар да өз үлестерін қосып, атсалысуда. 

«Біз отбасымызбен бірге осы бір келеңсіз хабарды естідік. Анық-қанығын әлеуметтік желілерден білдік. Осы жағдайға жүрегіміз ауырды. Сол себепті де аз да болса, көмектесуді ойладық. Сондықтан киім-кешек, азық-түлік сынды түрлі нәрселерді өткіздік», – деді Ершат Сәбитов есімді қала тұрғыны.

ИГІ НИЕТ ТОЛАСТАР ЕМЕС

Алматылықтар бастаған көмекке қосылушылар саны өте көп. Алғашқы бір-екі күнгі жылудың уақытында 200-ден астам адам өз үлестерін қосқан.

Қала тұрғындары Қостанайдағы алапат өрттің салдарын естігеннен кейін дегбір таппады. Кейбірі қолындағы азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар, көрпе-төсек сынды, т.б. нәрселерді әкеліп өткізген. Әсіресе, жастар жағы белсендірек көрінді. Олар әлеуметтік желінің көмегімен коворкинг-орталыққа байланысқа шығып, қол жәрдемінен бастап, барша істерге бір кісідей атсалысқаны байқалады.

Осыған орай қиын сәтте қол ұшын созып, көмектесуге ниеттенген жандарды тілге тартқан болатынбыз.

Әкежан БАҚЫТҰЛЫ,

Алматы қалалық «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы:

ЕЛДІҢ БІРЛІГІНЕ РАХМЕТ

Бүгін таңертеңнен бастап Қостанайға көмек қолын созу мақсатында гуманитарлық пункт ашылды. Осы пунктке еріктілер, тұрғындар, көмектесуге ниетті жастар келіп жатыр. Мұнда азық-түліктен бөлек, жеке гигиеналық заттар әкелінуде. Сонымен бірге, құрылыс заттарын да алып келуде. Жалпы, көмектесем деушілер қатары артып барады.

Алматы қаласының әкімдігі, мәслихат дептуттары қолдауын білдіріп жатыр. Олар өз тарапынан материалдық және рухани жәрдемдерін аямауда. Дәлірек айтқанда, қарапайым азаматтардың еңбегі орасан. Шаһар тұрғындары тұрмыста жиі қолданылатын заттарды өткізді. Оның өзі үлкен көмек. Осындай қысылтаяң шақта қолындағы барын Қостанай жұртшылығына үлестіріп жатқан жандарға ризашылығымыз шексіз.

Соңғы күндері болған тілсіз жаудың шығынының орнын сәл де болса бүтіндеуге атсалысу мақсатында жүк көліктерімен бірге өзім де жолға аттанып барамын. Ал көмек қолын созам деуші жандарға есік ашық.

Елімізде әр уақытта тыныштық, бақыт-береке орнай берсін. Енді мұндай ыңғайсыз оқиға болмасын. Тек жақсылық пен мейірім нұрын шашқан шуақты күндерде жолығуға жазсын демекпіз!

Мейіржан ОТЫНШИЕВ,

Алматы қалалық Аmanat партиясының атқарушы хатшысы:

БІРЛЕСЕ КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

Біздің қалада ұйымшылдық мықты. Азаматтар келеңсіз жағдайды естіген сәттен бастап, қол қусырып қарап отырмады. Аmanat партиясының басшысы Ерлан Жақанұлының тапсырмасына сәйкес Қостанай облысындағы төтенше жағдайға жәрдемдесу, қолдау жұмыстары жүргізіле бастады. Соған сәйкес арнайы пункттер ашылды. Соңғы уақытта азық-түлік, гигиеналық заттар, көрпе-жастыққа дейін жиналды. Бас аяғы 6 Fuhra авто көлігі жөнелтілді. 1 жүк көлігі қалалықтардың өз еркімен тапсырған заттарын жинады. Оған көмек білдірем деушілер саны өте көп. Бұл халқымыздың қиын сәтте жұмыла жүк көтеретін қасиетке ие екендігін аңғартады.

Әрқашан береке-бірлігіміз бекем болсын. Елімізде қандай жағдай болса да, ауызбіршілігіміз бен тыныштығымыз ажырамасын!

Рауан БАЙҒАБЫЛ,

«Жастар рухы» Жастар қанатының белсендісі:

ЖЫЛЫ ЖҮРЕКТІ ЖАНДАР КӨП

Қостанайдағы өрттің салдарын естіп-біліп, белсенділік таныта бастадық. Қазақ жерінде болған апат айтып келген жоқ. Яғни күтпеген жерден орын алды. Осыған орай алматылықтар қол қусырып қарап отырмады. Әрбір бізбен ниеттес жан өзінің қолынан келгенше барын беріп, қолдау көрсетуде. Осы бір оқиға адамзаттың адамшылығын аңғартты. Біздің штабты ашқан уақыттан бастап, көмектесу ниетімен келген кісі қарасы көп.

Біздің есебімізше, 50-ге жуық ерікті келді. Олар атқарылып жатқан істерге қол көмегін берді. Одан бөлек, әртүрлі тағамдар, апатты жағдайда аса қажет болатын заттарды өткізді. Коворкинг-орталығымызға келушілердің санында шек болмады. Өзім де таңданып қалдым. Мұндай жылуға атсалысушыларды көріп, ризашылығымыз арта түсті.

Енді келеңсіз оқиғаға ұшырамайық. Амандық пен саулықта жолығуға жазсын!

Гүлжан БЕКЕНОВА,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты:

КӨМЕК ДІТТЕГЕН ЖЕРІНЕ ЖЕТЕРІНЕ СЕНЕМІЗ

Апатты оқиға ешқайсымызды айналып өтпеді. Естіген бойда қабырғамыз қайысты. Тілсіз жаудың залалын естіген сәтте, бірден қол ұшын беру керек деген шешімге келдік. Қазақстан Республикасының халқы Қостанай өңіріндегі өрттің салдарын жоюға өз көмегін тигізуде. Өздеріңіз көріп-біліп отырғандай, қаламыз да бейжай қалып отырған жоқ. Бүкіл ел-жұрт болып қолдарынан келгенше, 6 жүк көлігіне ең қажетті заттарды тиеп жөнелтті. Жолға сапар шеккен көліктердің ішінде құрылыс материалдарына дейін артылған. Ол жердегі қаншама адам үйсіз-күйсіз, орын-жайсыз қалды ғой. Сол себепті, үйге қажетті дүниелерді де қоса жібердік.

Сонымен қатар, қалалық мәслихат депуттары да аянып қалмады. 30 тонналық жүк көлігіне тиелетін жүкке әрбір мәслихат депутаты үлес қосып, өз қалталарынан көмек жиды. Онымен қоса, кәсіпкерлердің де тигізген көмегі ұшан-теңіз болып отыр. Әрине, қарапайым жандардың да көрсетіп жатқан көмегін байқаудамыз.

Біздің ойымызша, жіберілген көмек сол жақтағы ағайынның жетпей жатқан тұсын жамайды деген ниеттеміз.

P.S. Қостанай өңіріндегі өрттен келген зардапқа бейжай қарамаған «Alatay Aqparat» медиа холдингі құрамындағы «Almaty aqshamy» және «Вечерний Almaty» газеттері мен сайтының қызметкерлері бір күндік жалақысын игі көмек ретінде аударды.