Киік аулауға мораторий келесі жылға дейін ұзартылды

Киік аулауға мораторий келесі жылға дейін ұзартылды
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Қазір киік саны 1,3 млн-ға жеткен.

Үкімет оларды қорғау бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылдады, оның ішінде киіктерді пайдалануға мораторий енгізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, еліміздің аумағында киіктердің дүниежүзілік популяциясының 90%-дан астамы мекендейді. Бұл жануарлар санының азаюына байланысты (2003 жылы 21 мың бас болған) Үкімет оларды қорғау бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылдады, оның ішінде киіктерді пайдалануға мораторий енгізілді.

Қабылданған шаралардың арқасында бүгінде киік саны 1,3 млн басқа (төлдеу кезеңіне дейін) жетіп отыр. Айта кету керек, олардың оңтайлы саны 700-800 мыңды құрайды.

Бұл ретте ауыл шаруашылығы жануарлары мен киіктердің арасында жайылымдар мен суармалы жерлер үшін бәсекелестік күшейіп, киіктердің егінді таптау жағдайлары жиілеген.

Осыған байланысты, министрлік 2023 жылы киік популяциясын басқару жөніндегі биологиялық негіздеме аясында оларды ғылыми зерттеуді жоспарлады. Соның нәтижесінде мынадай мәселелер зерделенетін болады:

1) киік популяцияларының даму болжамы;

2) киіктердің ареалы мен көші-қон жолдарын нақтылау;

3) киіктердің азықтық базасын зерделеу;

4) ауыл шаруашылығымен бәсекелестікті төмендету бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Осыған байланысты, ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми-зерттеу жұмыстары кезеңінде 2022 жылғы 28 желтоқсандағы бұйрықпен республиканың бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға мораторийді ғылыми негіздемеге сәйкес 2024 жылға дейін ұзартты.