«Мұқағали» фильмі бес жүлдеге ие болды

«Мұқағали» фильмі бес жүлдеге ие болды
Сурет: Inform.kz

Белгілі кинорежиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» көркем фильмі Шотландияда өткен халықаралық Сент-Эндрюс кинофестивалінде бес жүлдені жеңіп алды.

Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Сент-Эндрюс кинофестивалінде «Мұқағали» көркем фильмі бірден бес жүлдеге ие болды. Атап айтар болсақ, гран-при, "Үздік кинодраматург", "Үздік кинорежиссер", "Үздік оператор" және "Үздік актер" аталымдарына лайық деп танылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Мұқағали» көркем фильмі бір жылда 10 халықаралық сыйлыққа ие болды. Бұл – бұрын-соңды болмаған өте қуанышты жаңалық. Барша қазақ киносын қадірлейтін көрермендерге алғысымды білдіремін. Қазақтың ұлы ақынын ұлықтаған фильм жастарға тек шабыт берсін, Мұқағали атамыздың өнерін дарытсын деп тілегім келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында әлемнің белді сыншылары өз бағасын берген бұл жүлделер – қазақ халқының ортақ жеңісі», - деді фильмнің режиссері Болат Қалымбетов.

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген туындыда аты аңызға айналған қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың өмірінің соңғы жылдары туралы баяндалады.

Қазақстанда фильм 2021 жылдың 21 қазанында прокатқа шыққан болатын. Әлемдік премьерасы 25-ші (PÖFF) Таллин кинофестивалі аясында өтті, онда қазақстандық картина экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды.