Қылмыстық топ құрған Қоспаев пен алты адамға іздеу жарияланды

Қылмыстық топ құрған Қоспаев пен алты адамға іздеу жарияланды
Сурет: Gov.kz

Ұйымдасқан қылмыстық топ 11 қатысушыдан құрылған. 

Қаржылық мониторинг агенттігі рейдерлік жасады деп айыпталған күдікті Е.Қоспаев пен оның сенімді тұлғаларына қатысты тергеу бастады. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ұйымдасқан қылмыстық топ 11 қатысушыдан құрылған, оның 5-еуі қамауға алынды, ал ұйымдастырушы Елдос Қоспаевпен бірге 6 адамға іздеу жарияланды.

Естеріңізге сала кетейік, қылмыстық топ Алматы қаласының кәсіпкерлерін қорқыту арқылы рейдерлік әрекеттерін жүзеге асырып отырған.

ҰҚТ зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы кәсіпкерлердің мүлкін тартып алумен, компаниялардағы үлесін өз атына аударумен және көлеңкелі бизнеспен айналысты.

Мәселен, 2019 жылғы 4 наурызда Алматы қаласында Қоспаев өзінің сыбайластарымен бірге бизнесті дамытуға 160 млн теңге салған «Profit Trade Ltd» ЖШС иелерін өз үлесінің 40%-ын ҰҚТ-ның белсенді мүшесі Имашевқа жазып беруге мәжбүр етті.

Бұрынғы басшыларды басқармадан шеттете отырып, ҰҚТ мүшелері құжаттарды қолдан жасау арқылы қалған 35% үлесті иеленді.

Компания алкоголь өнімдерін көтерме сатумен айналысып, тұрақты табыс әкелген.

Ал, 2020 жылғы 30 шілдеде Қоспаевтың қылмыстық тобы өз бизнесіне 400 млн. теңгеден астам инвестиция салған «Azovita Aktay» ЖШС мен «Azovita Atyray» ЖШС меншік иесінің өміріне қауіп төндіру арқылы ҰҚТ мүшелеріне кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100% үлесін өтеусіз беруге мәжбүр етті.

Қоспаев бастаған жоғарыда аталған ҰҚТ мүшелері компанияларды өз бақылауына алып, оларды Алматы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға пайдалана бастады.

Өзінің жазасыздығын сезінген Қоспаев пен оның ҰҚТ мүшелері табысты кәсіпорындарды тартып алуды одан әрі жалғастырды.

2021 жылдың шілдесінде Қапшағай су қоймасында «Kapchagai Marina Сlub» ЖШС-не тиесілі құны 2 млн. АҚШ долларын құрайтын демалыс аймағын күшпен иемденді.

Сонымен қатар, Қоспаев өзінің сенімді тұлғалары арқылы Алматы қаласының ең беделді аудандарының бірінде «Есентай Сити» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүзеге асыратын «AV-Construction» ЖШС-дегі үлесінің 75% иеленді.

Қалған 25%-ы белгілі кәсіпкер Әбдіғаппаровқа тиесілі болды, ол 2016 жылы ЖШС атынан тұрғын үй құрылысына 31 га аумақты сатып алды.

Коспаев пен оның серіктестері жеке басын байыту мақсатында туыстарына пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды рәсімдеу арқылы ЖШС мүлкін ұрлады.

2018 жылдың қазан айынан бастап Қоспаев пен ҰҚТ мүшелері Бабаев, Әбіжанов, Танашев, Кудряшова және басқа да тұлғалар 3 жер учаскесін, 20 кеңсе үй-жайын және 113 пәтерді иемденді. Сөйтіп, 4,6 млрд теңге сомасына залал келтірді.

Қоспаев бірлескен меншік иесі Әбдіғаппаровтың компанияның мүлкін ұрлаумен байланысты шағымдарын болдырмау үшін оның анасы С. Жүнісбековаға ресімделген 25% үлесін алып қою жөнінде шешім қабылдады.

Әбдіғаппаровты ұстау және кейіннен тұтқындау ҰҚТ мүшелері үшін оның қарт анасы С.Жүнісбековаға қысым жасау құралы болды, «AV-Construction» ЖШС-дегі үлесін ұлына түрмеден шығуға көмекке айырбастауға уәде берді.

ҰҚТ мүшелерінің шабуылына төтеп бере алмаған Жүнісбекова ұлы үшін қорқып, компаниядағы өз үлесін өтеусіз ҰҚТ мүшелерінің атына аударып берді.

Тергеу аясында ҰҚТ қылмыстық жолмен алынған мүлкіне тыйым салынды - бұл 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер, 35 премиум көлік және 9 миллион доллар қолма-қол ақша.

Сонымен қатар, Қоспаев ешқандай құжатсыз Алматы облысында қала сыртындағы бассейні, тренажер залы бар сәнді үй салды. Онда ол асыл тұқымды жылқыларды өсірді, арыстан, аю, тағы басқа жабайы жануарлары бар хайуанаттар бағын ұстады.

«Қосымша ішкі істер органдарына 2018-2021 жылдар аралығында орын алған, осы үйдің қызметкерін ҰҚТ мүшелерінің бірнеше рет зорлау фактісі бойынша материал жіберілгенін хабарлаймыз. Рейдерлік басып алу фактісі және ҰҚТ жұмыс істеуіне ықпал еткен қатысушы тұлғаларды анықтау бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр»,- деп мәлім етті агенттік.