Кептелістен қалай құтыламыз?

Кептелістен қалай құтыламыз?
5region.kz

Алматылықтар қоғамдық көлікпен жүруге бір сағаттан астам уақыт жұмсайды

Алматының көлік құрылымын, оның ішінде қоғамдық көлік қызметін заманауи үлгіде қалыптастыру жауапты сала мамандарының ұдайы назарында. Дейтұрғанмен, қала көшелеріндегі кептелістер азаяр емес.

Бүгінде Алматының аумағы ұлғайып, халқының саны көбейді. Адам саны артқан сайын қала тіршілігі күрделене түсетіні белгілі. Әсіресе, қоғамдық көлікке деген сұраныс артатыны заңдылық. Өйткені, деректерде Алматының қоғамдық көлігін күніне миллионнан астам жолаушы пайдаланатыны айтылады. Демек, халықтың басым бөлігі автобус, троллейбус, метро секілді көпшілік мінетін көліктермен жүреді. Алайда, бір мәселе бар. Жолаушылар қоғамдық көлікпен А нүктесінен В нүктесіне жету үшін бір сағаттан аса уақыт жоғалтады. Оған басты себептердің бірі – көлік тығыны екені даусыз. Статистикаға сенсек, кептелістен ең көп зардап шегетіндер көлік жүргізушілері екен. Олар күніне шамамен 360 сағатын, ал жылына 45 күнін жолдағы кептелістерге жұмсайтын көрінеді. 

Цифрландыру басқармасының мәліметінше, Алматыда жұмыс күндері 555 мыңға дейін көлік жүреді. Оның ішінде таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта 170 мыңға дейін көлік қозғалысы байқалады. Олардың барлығы тәулігіне 16 млн шақырым жол жүреді. Әлбетте, олардың ішінде қоғамдық көлік, жеңіл көлік жүргізушілері – барлығы бар. Демек, статистика көлік кептелістерінің күн артқан сайын өршіп бара жатқанын көрсетеді.

Қала тұрғындарын мезі еткен кептеліс мәселесі бүгінде әлеуметтік желілерде жиі талқыланады. «Жұмысқа баратын немесе қайтатын қарбалас уақытта көлік кептелісінің салдарынан көп уақыт жоғалтамыз, автобусты ұзақ күтуге тура келеді, троллейбустар желіде ток болмауы себебінен жиі тоқтап қалады, кейде тіпті бағытын ауыстырып жатады. Жұмысқа, сабаққа кешігеміз. Ол аздай, жүргізушілер жолаушыларға дөрекі мінез-құлық көрсетіп, мәдениетсіздік танытады» дейді олар.

Мамандардың айтуынша, көлік кептелістерін тудыратын бірнеше фактор бар. Шамадан тыс көліктердің көптігі, ауа райының қолайсыздығы, жолдардағы жөндеу жұмыстары, көліктердің жолда бұзылуы мен жол апаттары көлік тығынының орын алуына бірден-бір себеп. Демек, жол-көлік апаты тек жоғары жылдамдықта ғана емес, кептеліс кезінде де орын алады. Себебі, көлік тығыз орналасқан жолда жүру шын мәнінде өту қауіпті әрі ыңғайсыз екенін мамандар дәлелдеп отыр. Түптеп келгенде, мұның барлығы көлік қатынасының бұзылуына әкеліп соғуда. Алматы жұртшылығының «қоғамдық көліктер дұрыс жүрмейді» деп шағымдануының басты себебі, міне, осы.

 

Ерте шықпасаң, кешіктім дей бер

Көлік қатынасы, әсіресе, қала шетінен келіп жұмыс істейтін жандар үшін тіпті қиын. Өйткені, кептелістің көкесі сол жақта болады. Мәселен, таңғы уақытта Құлжа тас жолы мен "Алтын орда" базары жақтағы үлкен жолдарда таңғы 5-тен қалаға қарай ағылатын көлік саны көбейеді. Егер таңғы 7.00-ден кейін жолға шықсаң, жұмысқа да, жоспарлап баратын жеріңе де кешіктім дей бер. Бұл уақытта автомагистральды жолдардың өзі көліктің көптігінен бітеліп қалады.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін аялдамаларда тұрған жолаушылардың бірін сөзге тарттық. Өзін Азамат Ерболатұлы деп таныстырған азамат қалаға Талғардан келіп жұмыс істейді екен. Жігіт ағасы жол қатынасының қиындығымен күресуге еш дәрменсіз екенін білсе керек, автобусты сағаттап күтетінін, келген күннің өзінде кейде, тіпті, оған сыймай қалатынын, адам көп, автобус аз екенін айтып, шағымдана жөнелді. Иә, «жолдың жайын жүрген білер». Күнде бір бағытта жол жүре бермейтін болған соң, кейбірімізге мұндай жағдай таныс та болмауы мүмкін. Ал бір автобуспен жұмысына барып-келетін жан үшін бұл тақырып өте маңызды.

Шынында да, автобус өз уақытынан кешіккен сайын, аялдамаға жолаушылар көп жинала бастайды. Сондықтан айналасы 5–10 минуттың ішінде адам қарасы қалай көбейіп кеткенін байқамай да қаласың. Ал көп жолаушыны көрген жүргізуші «автобусқа сыймайды» деген желеумен, аялдамаға тоқтамастан өте шығады. Бұл, әрине, үйіне жете алмай тұрған кез келген жолаушының жүйкесіне тиеді. Мұндай сәттерге өзім де талай куә болғанмын. Тіпті, автобусымыздың есіктері ашылмай қалып, жүргізуші отыратын жақтағы есіктен түскен кездеріміз де болған. Енді қаладағы қоғамдық көлік жайында аз-кем ақпаратқа тоқталайық.

 

Себеп көп

Қазіргі уақытта Алматыда жолаушы тасымалдайтын 138 қалалық және 23 қала маңына қатынайтын жалпы саны 161 тұрақты маршрут бар.  Олардың барлығы өздеріне бекітіліп берілген бағыт бойынша кестеге сәйкес жұмыс істейді. Басшылар көлік жүргізушісі сол бекітілген қозғалыс кестесін қатаң сақтауға міндетті екенін айтады. Бірақ өзіңіз де білесіз, Алматының тіршілігі күндіз де, түнде де тоқтамайды. Сол себепті де, белгіленген тәртіп бойынша жұмыс істеу кейде мүмкін бола бермейді.  

Дейтұрғанмен, қалалық көлік жүйесін үйлестіріп отыратын «Алматы қаласының Көлік холдингі» ЖШС мамандары қарбалас сәттерде барлық бағыттағы автобустар жолаушыға лық толып, қолайсыздық тудыратынын жасырмайды.

– Жолаушылар ағынының мониторингі мен талдауын Көлік холдингі күнде жүргізеді. Ал диспетчерлер автобустарды барлық бағытта біркелкі жүру үшін шаралар қолдануға тырысып бағады. Жол қатынасының қиындауына бірден-бір себепші фактор кептеліс екенін жақсы білесіздер. Сондықтан кінәнің барлығын қоғамдық көлік қатынасына арта беруге болмайды. Қала бойынша автобустардың желіге шығуы 100%-ды құрайды. Әйтсе де, маршруттар аралығында алшақтық бар, бұған объективті себептер көп, – дейді мамандар.

Оған мысал көп. Мәселен, кеше уақытында келген көлік бүгін кешігіп, автобустар арасындағы интервал бұзылып жатса, ол тек көлік жүргізушісінің кінәсі деген сөз емес. Жалпы, мамандардың айтуынша, интервал стандартқа сай болуы үшін алғашқы аялдамадан соңғы аялдамаға дейінгі уақыт бір сағатты құрауы тиіс. Ал екі автобус арасы, яғни интервалы шамамен 10 минут болуы қажет. Мәселен, қазіргі таңда Алматыдағы қоғамдық көліктің қозғалыс аралығы орта есеппен  9–12 минутты құрайды. Бірақ  қарбалас сағаттарындағы көлік кептелістері, жолдағы жөндеу жұмыстары, тіпті, ауа райы да көлік қозғалысын тежейді. Осындай себептер автобустардың интервалы мен кестесінің бұзылуына, қозғалыс жиілігінің 15–18 минутқа дейін ұлғайып кетуіне себеп болып жатады.

Осы тұста тағы бір жайтты айта кеткен жөн. Бірінші соңғы аялдамадан екіншісіне дейінгі қозғалыс уақыты барлық бағыттарда маршруттың ұзақтығына байланысты бола бермейді. Мәселен, Алматыда басқа маршруттармен салыстырғанда, жол жүру ұзақтығы аз маршруттар бар.

Бұл маршруттардың қозғалыс кестесі қиын көшелер арқылы өтетіндігіне де байланысты (көтерілу, төмен түсу және т.б.). Сондықтан кейбір автобустардың қозғалыс уақыттары басқа маршруттарға қарағанда ұзағырақ болады. Айталық, қазіргі таңда Алматы бойынша ең көп жол жүретін қоғамдық көлік – №124 бағыттағы автобус. Ол А нүктесінен Б нүктесіне дейін жету үшін 77,4 шақырым жолды жүріп өтіп, бұған 130/140 минут уақыт жұмсайды. Сондай-ақ, ең қысқа жол жүретін автобус ретінде №133 мектеп бағытын айтуға болады. Оның ұзындығы 5,1 шақырым, қозғалыс уақыты 20/20 минутты құрайды.

Алматыда бекітілген қозғалыс кестесіне сәйкес қоғамдық көлік сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін жүреді. Түнгі уақытта екі бағыт бойынша жолаушы тасымалдайтын екі автобус бар. Оның біріншісі №12 бағыт. Ол «Алматы-2» вокзалынан Медеуге дейін 06.00-ден 00.30-ға дейін жол жүреді. Екіншісі – №3 автобус, әуежайдан «Орбита-2» шағынауданына дейін 23.00-ден 06.00-ге дейін жолаушы тасымалдайды. 

Ал қала сыртына жолаушы тасымалдауда ең ұзақ жол жүретін автобус «BAS Trade» ЖШС қызмет көрсететін №225 маршрут. Алматы қаласы – Есік қаласы бағытында жүретін автобустың схема ұзындығы 111 шақырым құрайды. Маршруттағы айналым уақыты әр бағытта 90 минуттан белгіленген.

Демек, күнделікті күйбең тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналған кептеліске алматылықтар өмірінің һәм уақытының бір бөлігін сарп етеді. Өкініштісі де сол, кептеліспен күресудің, оны жоюдың салдарын сала басшылары әлі дұрыс жолға қоя алмай отыр. Сондықтан болар, көлік тығынына түскісі келмейтін алматылықтар мүмкіндігінше баратын жеріне ерте қамданып, уақытынан бұрын жолға шығуға дағдыланған.

Қорыта айтқанда, көлік жүйесі саласының қызметін жетілдіру, қоғамдық көлікті тұрғындардың сұранысына сай оңтайландыру, қала көшелеріндегі ұзын-сонар кептелістен құтылудың жолдарын іздестіру секілді жұмыстар бір-екі күндік шаруамен шешіле салатын жұмыс емес. Бұл мәселе шешімін табатыны анық. Бірақ  оған уақыт қана төреші. 

 

 

Маман пікірі:

 Жұмажан ЖАҢБЫРОВ,  техника ғылымының докторы, көлік саласының профессоры:

 Шектеу қойылса, көлік азаяды

Менің зерттеуімше, елімізде 4 миллион 300 мыңдай автокөлік бар. Солардың 50%-дан астамының пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Ол «Евро-4» емес, тіпті «Евро-2»-ге сай емес. Кейде көшеден біз де май ағып, түтіндетіп кетіп бара жатқан көліктерді байқап қаламыз. Міне, осындай көліктерге шектеу қою керек. Егер көлігіңнің техникалық көрсеткіші стандартқа сай болса, оған ешкім қарсы емес. Әйтпесе, қалаға кірмей, шетке қалдыр да жүре бер. Қазір Алматының өзінде 700–800 мыңға жуық машина жүреді. Егер осындай шектеулер қойылатын болса, қалада көлік санын 30–35%-ға автоматты түрде азайтуға болар еді. Осы саланы зерттеп жүрген маман ретінде мен сырттан келген көліктердің Ал­матыға кіруіне шектеу қоюды ұсынар едім. Бұл  – әлем елдерінде бар тә­жі­рибе. Мәселен, Германияның үлкен қалаларына сырттан келетін қонақтар бұған үйренген. Қаланың сыртына дейін көлігін айдап келіп, ав­тотұраққа қалдырып, шаруасын бітірген соң қала сыртынан қайта айдап кетіп жатады. Өзіне де, қала тұрғындарына да тиімді. Егер бұл ұсыныс қол­данысқа енетін болса, барлығыңыз мұның ар­тық­шы­лы­ғына көз жеткізер едіңіздер. Екінші мәселе – «час пик» – таңертеңгі 8.00 мен 9.30-дың арасы. Кешке 17.00-мен 20.00-дің арасы. Неге олай? Өйткені, барлық жерде жұмыс сағат 9.00-де басталады. Ал неге таңертеңгі 7-де, 8-де бастамасқа?! Неге 10.00-да бастамасқа? Онда тұрған не бар? Мәселен, студенттердің сабағы 7-де басталсын. Келесі қызметкерлер 9-да, одан кейінгілер 10-да бастасын. Мұны тек қала басшылығы қолдаса, кептелісті осылай қаражатсыз да шешуге болады.