Қазан айында Қазақстанда инфляция 19 пайызға өсті

Қазан айында Қазақстанда инфляция 19 пайызға өсті
Сурет: Qazaqstan.tv

Айлық инфляция 1,6%-ды құрады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылдың қазан айында Қазақстанда айлық инфляция 1,6%-ды құрады, жылдық есепте 18,8%-ға өсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мәселен, қазан айында 2022 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 1,7%-ға, азық-түлік тауарларының бағасы 1,4%-ға қымбаттады.

Жуғыш заттар мен тазалау құралдарының бағасы ең жоғары 5%-ға, киім-кешек пен аяқ киім, жеке заттар, тұрмыстық заттар 2,1%-ға, ыдыс-аяқ 1,9%-ға, тоқыма бұйымдары 1,7%-ға қымбаттады. Көмір 2,1%-ға, отын 1,7%-ға қымбаттады.

Бұл ретте ақылы қызметтердің бағасы бір айда 1,7%-ға өсті. Атап айтқанда, бағаның қымбаттауы қонақүй қызметтеріне 6%-ға, кешенді демалыс ұйымдарына 4%-ға, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтерге 3,3%-ға, моншаларға 3%-ға, балаларды дамыту орталықтарына 2,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру 2,2%-ға өсті.

Өнімдерге келетін болсақ, қазан айында олар жалпы алғанда 1,4%-ға қымбаттады. Қызанақ 21%-ға, қияр 14,7%-ға, жұмыртқа 6,3%-ға, балық және теңіз өнімдері 2,3%-ға, нан және ұн өнімдері 2,2%-ға, алкогольсіз сусындар 1,9%-ға, ірімшік пен сүзбе 1,8% қымбаттады. 

Бұл ретте сәбіз 5,6%-ға, қызылша 5,5%-ға, пияз 5,1%-ға, картоп 3,5%-ға, қырыққабат 2,6%-ға арзандады.

Айта кетейік, қант 2,3 пайызға арзандады.

Жылдық инфляция қазан айында 18,8%-ға өсті. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары 23,1%-ға, азық-түлік емес тауарлары 17,9%-ға, ақылы қызметтер 13,5%-ға қымбаттады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін құру кезінде азық-түлік тауарларының үлесі 40,7%, азық-түлік емес тауарлар 30,2%, ақылы қызметтер 29,1% құрады.

Қыркүйек айында Қазақстанда инфляция 17,7%-ды құрап, бір айда 1,8%-ға өсті.