Қазақтың Қанышы

Қазақтың Қанышы
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматы Қаныш Сәтбаевты еске алды.

ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті геолог-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы және тұңғыш президенті академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Әлем таныған қазақтың Қанышы» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Дәуленұлы, Қаныш Сәтбаевтың немерелері, геолог Александр Третьяков пен химия ғылымдарының докторы, профессор Әлима Жармағамбетова, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы Сұлтан Оздоев және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жұмыстар басқармасының офицері аға лейтенант Мақсат Жақсылықов пен Алматы гарнизонына қарасты Ұлттық ұланның жеке құрамы, студенттер мен оқушылар қатысты.

Іс-шараның мақсаты – қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын кеңінен насихаттау. Ғалымның жан-жақты, табанды, ізденімпаз касиеттерін жастар арасында дәріптеу.

Тағлымды кешке жиылған қонақтар ең алдымен Ұлттық кітапхана қорынан ұйымдастырылған «Қаныш – қазақ қазынасы» атты академиялық кітап және мерзімді басылымдар көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музей экспонаттарын, архивтік фотсуреттер ұсынылған көрмені мұражайдың бөлім меңгерушісі Бақытжамал Айтмұхамбетова және Сәтпаев университеті музейінің жәдігерлерін Сәтбаевтанушы, осы білім ордасының тарих музейінің бас маманы Аспандияр Әденұлы таныстырды. 

Жиынның екінші бөлімі дөңгелек үстел басында өрбіді. Қонақтар Қаныш Сәтбаевтің өмірі мен ғылыми жетістіктері туралы ой-толғамдарымен бөлісті. Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназияның оқушылары ғалымға арнаған өлең жолдарын оқыды. 

Ұлттық ұланның сарбаздары, студенттер мен оқушылар Қазақстан ғылымына жан-тәнімен қызмет еткен тұлғаның өмірі мен қызмет жолы жайлы мағлұмды мәлімет алып, ой көкжиегін кеңейтті.