Қазақтың Алтыншашы

Қазақтың Алтыншашы
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Прозаик, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова 80 жасқа толды. Мерейтой иесінің құрметіне Алматыдағы А.П.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Қазақтың Алтыншашы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Оған жастармен қатар, кейіпкердің ең жақын тілеулес адамдары қатысты.

Намыс туралы

Еске сала кетсек, Алтыншаш Жағанова комсомол органдарында, «Қазақстан» және «Жазушы» баспаларында жұмыс істеген. Республикалық «Қазақстан әйелдері» және «Жаңа фильм» журналдарының бас редакторы болған. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында жауапты қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, ҚР Көшіқон және демография жөніндегі агенттігінің төрайымы болып, республикалық «Руханият» партиясына жетекшілік еткен.

Қайраткерлігімен қатар қаламгерлігі де бір төбе. «Әмина, қасқырлар және ақырзаман», «Ақ қоян – Құмай тазы», «Еркетотай», «Тентектер», «Эхо по кругу», «Шалунья» атты әңгіме, повестердің және «Бәрі де анадан басталады», «Нөсер», «Ала жіп аттағандар», «Беймаза әйел», «Жан алқымда», «Обыр» сынды пьесалардың авторы.

– Бүгінгі кездесуге кілең мөлдіреген жастар келген екен, мен сол үшін қуаныштымын. Өйткені, жастар – біздің болашағымыз. Біздің ертеңгі күніміз. Біз үміт артып отырған жеткіншектеріміз. Өткен күндерге көз жүгіртсем, біз біраз шаруа тындырған сияқтымыз, оның ішінде қиындығы да бар, жақсылығы да көп. Біздің тұсымызда заман басқаша еді. 1990 жылдан бастап елімізде үлкен-үлкен өзгерістер, бетбұрыстар болды. Қазіргі егемендігіміз, тәуелсіздігіміз оп-оңай орнай салған жоқ. Мен сол жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болдым. Сол кеңестің ішінде жүріп біз талай мәрте отқа да, суға да түстік. Түптеп келгенде елдің болашағы, айналайын, мына сендердің келешектерің үшін біз әрдайым тура жол таңдай білдік деп ойлаймын, – деді Алтыншаш Қайыржанқызы сөзінің беташарында.

Иә, Алтыншаш Жағанова заты нәзік болғанымен, Тәуелсіздігімізді алар сонау қиын-қыстау тұста ер азаматтармен иық түйістіре қатар жүріп, депутат ретінде елдік деңгейдегі түйінді мәселелерге көп араласып, олардың оң шешілуіне атсалысқан қайраткер.

Алтыншаш Жағанованың осыншалықты қайсар, намысқой мінезі туралы аяулы қызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші, тележүргізуші Қаракөз Сүлейменова былайша әңгімелеп берді.

– Шын мәнінде әркім ата-анасымен мақтанады. Менің анам қазақ елі, жері, халқы және отбасы үшін аянбай еңбек еткен жандардың бірі. Солай осы қарттыққа ақырындап аяқ басып келе жатыр. Мен қуаныштымын анамның амандығына! Адамның болмысының қалыптасуы ол, әрине, бала кезде көрген тәрбиесіне байланысты. Мысалы, анамды атам мен әжем қатты еркелетіп өсірген. Еркелеткенде де, кәдімгі қазақтың жайлауында еркін жіберіп, «сабақ оқысаң оқырсың, оқымасаң көрерсің» деген сияқты, бетін қақпаған, ешнәрседен тежемеген, шектемеген. Сол еркіндігі болмысын қалыптастырды. Осы орайда бір оқиғаны айтып берейін сіздерге. Анамның төртінші сыныпта оқып жүрген кезі екен. Балаларды шаңғы тебуге апарады. Әртүрлі ұлт өкілдері тұратын орта. Сонда бір шешен, әлде әзербайжанның баласы ма екен, екеуі шаңғыға таласып қалады. Әлгі баланың қолына тиген шаңғысы сынық екен дейді, содан ол жанында тұрған менің анамның шаңғысын жұлып алады. Анам қарап тұрсын ба, баланың қолынан өз шаңғысын тартып алады. Анау бала да бергісі жоқ, екеуі жұлмаласа кетеді. Сол кезде анам тұмсығынан бір періп, қанатып қойыпты. Қазір елестетсең күлкілі секілді, ал екінші жағынан қарағанда ол шынашақтай қыздың намысқойлығы, рухының күштілігі дер едім. Мәскеуде М.Горький атындағы әдебиет институтында оқып жүрген кезінде де қазақтың намысына тиетін сөздер, әдебиетіне, тарихына қатысты теріс пікір айтатын адамдарға да есесін жібермеген. Сондай бір сәтте қарсыласын саусағындағы үлкен жүзігімен бір ұрған көрінеді. Кешегі өткен Тұмар патшайым, Әлия мен Мәншүгіміз қайдан шықты, осындай намыстан шықты. Біз ең алдымен тілімізге, тарихымызға құрметпен қарайтын халық болуымыз керек. Жастарда жалаң намыс болмауға тиіс. «Мынау жаман» деп немқұрайдылық танытып өтіп кетпеңіз, жаман болса, қай жағынан жөндеуге мүмкіндігіңіз бар, шамаңыз келгенше үлес қосуға ұмылып жүрсеңіздер деймін жастар. Білімді, білікті, намысты, рухты адамды ешбір жау алмайды, – деді Қаракөз Сүлейменова.

 

Ананың орны бөлек

Алтыншаш Жағанованың есімі де кездейсоқ қойылмаған. Әкесі жылқышы болған. Көзі ашық, көкірегі ояу кісі жыр-поэмаларды сүйіп оқыған деседі. Татардың «Алтынчеч» поэмасына ерекше қызығушылық танытып жүрген тұста қызы дүниеге келіп, атын «Алтыншаш» деп қойыпты. Шешесі 45 жасында туғандықтан ба, әбден қиналып, тіпті емізе де алмаған деседі. Содан кішкентай Алтыншашты жылқы сүтімен, яғни саумалмен асырапты. Кейде өзінің өзгешелеу мінезін меңзеп, «менің жарты қаным – жылқынікі» деп қалжыңдайтыны содан.

– Менің қалыптасуыма, тұлғалық дамуымда да анамның орны ерекше. Кей тұста қатал, кей жерде даналықпен тәрбие берді. Сенесіздер ме, мені аулаға, сыртқа анам тек он бес минутқа ғана жіберетін. Егер үйге айтылған уақытта келмесем, келесі жолы мүлдем шығармай қоятын. «Қызға қырық үйден тыйым» дегенді қатты ұстанды. Тамақ істеуді де ерте жасымнан үйретті. Сонда «қыз бала ертең біреуге жар, біреуге келін, сондықтан үй шаруасында пысық болуы, сол үйдің отын маздатып жағып отыруы керек» дегені екен. Егер мені білетіндер «қонақжай, дастарханы әрдайым жаюлы» деп мақтап жатса, ол анамнын берген тәрбиесі. Иә, сол тәрбие менің үлкен әулетке келін болып түсіп, елге танымал азаматқа жар болуда да үлкен септігін тигізді, – дейді Қаракөз Сүлейменова анасы туралы. 

 

Қандасым

Осынау кешке мейман болып келген, атамекенге Моңғолиядан сонау 1992 жылы оралған белгілі суретші, ҚР-ның мәдениет қайраткері Өмірзақ Рыстан Алтыншаш Жағанованың депутат ретінде жат елде жүрген қандастарымыздың атажұртқа оралуына сіңірген еңбегі туралы әңгімелеп берді.

– Біз ес білгелі Қазақстан туралы радиодан естіп, біліп өстік. Сосын бізге Қазақстаннан «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» журналдар жиі келіп тұратын. Алтыншаш апайымызды «Қазақстан әйелдері» арқылы таныдық. Апайымыз әр жерде тарыдай шашырап жүрген, Моңғолия, Қытай, Ауғанстан, Иран елдерінде ғұмыр кешіп жатқан бір миллионға жуық бауырымыздың Отанға оралуына дәнекер болды. Әрине, ол үшін мемлекет көмектесті. Бірақ көмектесу үшін де қаражат сұрау, істің көзін табу, сөзін өткізе білу керек. Ал ол үшін сөзсіз тұлғалық қасиет, табанды мінез керек. Сол жылдары көшіп келген қандастарымызға өте қиын уақыт болды. Соның бәрін мемлекетіміз еңсеріп шықты. Атамекенге келгендерге барлық жағдай жасалды. Әрине, бұл орайда Алтыншаш апайымыздың еңбегі ұшан-теңіз. Сол тұста оралған бауырларымыз бүгінде бірнеше есеге көбейіп, халық саны артты, – деді Өмірзақ Рыстан.

 

«Қазақстан әйелдері»

Алтыншаш Жағанованың қазақ киносына да сіңірген еңбегі зор. Ол тұста жаңадан түсіріліп біткен отандық киномызды қылышынан қан тамып тұрған КСРО-ның сүзгісінен алып шығу қиынның қиыны болған. Мәскеудің талабынан шығып, рұқсатын алу үшін де олар талай тер төкті. Ол кезде қазақ киносы туралы бірде-бір журнал жоқ болатын. Алтыншаш Жағанова «Жаңа фильм» деген журналдың шығуына мұрындық болып, бас редакторы ретінде қазақ кинематографиясына өз қолтаңбасын қалдырды.

Журнал дегенде, әрине, «Қазақстан әйелдерінің» орны бөлек. Сол журналмен қаншама ұрпақ тәрбиеленіп, ұлағат алып өсті. Ондағы небір рубрикаларды бүгінде бірқатар телеарнаның өз бағдарламаларында пайдаланып жүргенінің өзі жетістік.

Иә, оның қазақ руханиятына, еліміздің мәдениетіне сіңірген еңбегі зор. Талай ақын, жазушының кітаптарының басылуына Кеңестік кезеңнің өктем саясатына қарамай, атсалысып, кейде асқан батылдық, мінез көрсетіп, жарыққа шығартты.

Бір кездері 30-жылдардағы  қолдан жасалған ашаршылық туралы, екі жарым миллион адамның қынадай қырылғаны жайлы еш жерде айтылмайтын. Алтыншаш Жағанова депутат болып тұрған кезінде Жоғары Кеңестің төрінде осы мәселені елдік деңгейге шығарып, бір минут үнсіздік жариялатып, осы тақырып тұрғысында арнайы құжат қабылданғаны да тарих парақтарына жазылды.

Тоқсаныншы жылдары Зайсан жерінде үлкен жер сілкінісі болып, екі аудан тып-типыл болып, жермен-жексен болғанда, қарапайым тұрғындардың қасынан алғашқылардың бірі болып Алтыншаш Жағанова табылған болатын. Бүлінген баспаналардың орнына жаңа үйлердің бой көтеруіне, оған жұмсалатын қаржының уақытылы бөлініп, бекітілуіне үлкен еңбек сіңірді.

«Руханият» партиясын құрып, елдегі оқу, білім, ұрпақ саулығы, денсаулық, мәдениет, руханият салаларын көтергені де ұмытылмақ емес.

 

Қарттыққа сән берген

Белгілі филолог Қалбике Есенова да Алтыншаш апайға деген ілтипатын былайша жеткізді.

– Мен өзім ғылымда жүрген соң білемін, қазіргі күні әсіресе, филологияда жаңа бағыт қалыптасып келе жатыр. Ол бағыт «Тұлғатану» деп аталады. Сол персонология ғылымының нағыз қақ ортасында тұратын Алтыншаш апай деп білемін. Алдағы уақытта «Алтыншаш әлемі» немесе «Алтыншаштану» деген сияқты үлкен бір сала дамиды деп сеніммен айта аламын. Осы кеште айтылып жатқан барлық өмір жолыңыз бізге үлгі. Барлығы тарихи шежіре сияқты. «Қарттық бізге сән бермейді, қарттыққа біз сән бермесек» дейді Қадыр ақын. Шын мәнінде қарттыққа сән беріп жүрген Алтыншаш апай, аман болыңыз, сізге деген құрметім шексіз, – деді ол.

Алтыншаш Жағанованы мерейтойымен Қазақстан Жазушылар одағындағы барша қаламгер әріптестерінің атынан Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының жастар ісі жөніндегі орынбасары Бейбіт Сарыбай да құттықтай келіпті.

– Біздің Алтыншаш апайымыз – халықтық, ұлттық тұлғаға айналған, әдебиет пен журналистиканың қос тізгінін, қайраткерліктің шылбырын тең ұстаған аяулы жан. Журналистикада да, әдебиетте де, саясатта да әйелдер санаулы. Сол санаулылардың санатында, алдыңғы сапында болып, ұлтқа осыншама еңбек еткен, тер төкккен, осындай интеллектуал адам біздің әрдайым мақтанышымыз, – дей келе, ол одақтың әдемі сый-сияпатын ұсынды.

Кеш барысында Қаракөз Сүлейменова анасына арнап «Қарлығаш» пен «Махаббат арман» әндерін шырқап берді. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның студенттері – Естайұлы Абдуррахман мен Жаңабай Ақжол әннен шашу шашты. Алтыншаш апай ортаға шығып би биледі. Кеш соңында кітапханаға 45 жыл отасқан жары, белгілі қаламгер Әнес Сарайдың «Адай тарихы» кітабын сыйға тартты.


  • Зиялының сөзі

Алтыншаш ЖАҒАНОВА, жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Мен үшін кітапхана деген қасиетті жер. Әдебиетті бала күнімнен ерекше ықыласпен оқыдым. Ауылда үлкен кітапхана болатын. Қолым қалт етсе, сонда барып әлем классиктерінің шығармаларын парақтайтынмын. Соларға еліктеп, өлең, әңгімелер жаза бастадым. Осы кітапхананың қыздары хабарласып, өзіңізбен рухани кеш өткізейік деп едік дегенде, бас тарта алмадым. Себебі, кітапхананы да, онда еңбек етіп жүрген, руханиятқа қызмет етіп жүрген әрбір жанды құрмет тұтамын.

Қазір жасанды интеллект деген миымызға да тиісе бастады ғой. Әрине, міндетті түрде заманауи ілім-білімді, технологияны меңгеріңдер. Елдің болашағы сендер. Бірақ ұлттық құндылықтарымызды да бір сәтке естен шығармаңдар, айналайындар. Қазақтың салт-дәстүрінің бәрі тұнып тұрған тәрбие. Біліммен қоса, соның бәрін өмірмен ұштастырып отырсаңдар, ешкімнен кем болмайсыңдар.

Мен үнемі айтып жүремін, қазақтың қызы қандай болса, халқы да сондай деп. Ұлт болашағы ең бірінші кезекте әйел-ананың қолында екенін ұмытпауымыз керек. Ертеңгі күні бізге алтындай, көргенді, инабатты, саналы ұл-қыз тәрбиелеп беретін аналар. Ара-тұра дүкенге бас сұға қалсаң, кассада тұрған кейбір қыздар «алсаңыз алыңыз, алмасаңыз қойыңыз» деп қатқыл сөйлеп, затты алдыңа тарс еткізіп тастай салады. Бұл ұсақ-түйек емес. Біз ешқашан тәрбиеден қателік жібермеуіміз керек. Қазақтың ұлттық ерекшелігінің бірі де – ата-ананы, үлкен кісіні сыйлау, олардың алдынан кесе-көлденең өтпеу, қарсы келмеу.

Мен әлемнің жарты бөлігін араладым. Талай дүниені көрдім. Бірақ мен ешқашан Еуропаға қызыққан емеспін. Мен үшін барлық керемет өз елімде, өз жерімде! Айналайын, жастар, иә, міндетті түрде оқыңдар, тоқыңдар, шет елді де көріңдер, бірақ елге қызмет етіңдер. Қазақ екеніңді мақтан тұтыңдар. Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің қадіріне жете біліңдер. Бақытты болыңдар, алтындарым!