Қазақтың әрбір әріпінде мағына жатыр

Қазақтың әрбір әріпінде мағына жатыр
Сурет видеодан алынды

Дана халқымыз өзінің арғы-бергі кезеңін бағамдап отырған. Заманға сай іс қылған. Ел арасында «Заманың түлкі болса – тазы болып шал» деген тәмсіл қалдырған. Осы сөз дәп бүгінгі алмағайып шаққа тура келіп тұрғандай. Елімізде Әділетті Қазақстан қағидаты жүзеге асып жатыр. Осы идея төңірегінде әлеумет пен әлеуеттің жай-күйі бағамдалары анық. Елде жаңа бастамалар жасалғаны қуантады. Тәуелсіздік күніне орай қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы ОСМАНМЕН сұхбаттасқан едік.

 

Қазақ мемлекеттілігінің тірегі қазақ тілі

Мемлекеттік тілді қажеттілікке қашан айналдырамыз?

– Бұны шешудің жолы бар. Дабыра қылмай, берекелі іс қылайық. Ең әуелі Мемлекеттік тілді қажеттілікке айналдыру қажет. Тіл туралы заң қабылдайық. Құқық қорғау орындары, соттардың міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы заңнамалық норма енгізейік. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеп, оның қажетті механизмдерін жасайық. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қарай басшылыққа немесе қатардағы маман лауазымына тағайындауда олардың жалақы көлемін белгілеу тәртібін енгізейік. Мемлекеттік қызметке келетін адамның бәрі мемлекеттік тілді білуі шарт. Тіл білмеген адамнан бір нәрсе сұраудың өзі ұят. Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды. Қашанғы жалтақтай береміз. Ұлтаралық тіл жасайтын уақыт жетті.

Егер тіл ұлттың жаны, рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы болатын болса, сол тілді жүйеге келтірейікте. Тілін білмегеннен кейін ұлттың жанын ұқпайсыз. Тілді білмегендер адам есебінде есептелер, бірақ сол мемлекеттің адал азаматы, перзенті, әділ қызметкері деп санауға болмайды. Өйткені, ол сөйлеп қатырмайды, ұқпайды. Бұл тілдің иесі де, киесі де – қазақ халқы. Қазақтың жан-дүниесін ұқпағандардан не үміт, не қайыр?! Неге тіл тағдыры, ел тағдыры дейміз? Қазақтың тілін Құдай зор етті, білмейтіндер қор етті. Бір нәрсені ұғыңдар, қазақ мемлекеттілігінің тірегі – қазақ тілі. Қазақтың ұлағатты сөздерін жазып қоюдан қымсынбау қажет. Қайталап өтейін, ел де, жер де – қазаққа тиесілі.

 

Әр істің сұрауы бар

Әділ қоғамды орнатудың тетігі қандай?

– Қазақтың дүниетанымында «Қалауын тапса қар жауады» деген ұлағатты сөз кездеседі. Егер бүгін-ертең деп күнді күнге сататын болсақ, күнді күнге жалғастырсаң да өткенге жетпейді. Бір-екі адамның қолынан ештеңе келмейді. Әңгіме – қоғам болып топтаса білуде. Менің түсінігімде бір идеяның төңірегіне ұйысып іс қылу қажет. Мақұл, жақсылық бар, болашақтан үміт зор. Әділеттілік деген жақсы сөз. Төле би бабамыз «Халқыңа әділ бол, дұшпаныңа қатал бол, досыңа адал бол» депті. Осы ұстанымды сақтаған ел, принципке берік адам ғана әділетті қоғам құра алады. Құр сөзден бәрі бола қалмайды. Әуелі саналы түрде жету керек. Қазақтың бойындағы адами қасиеттерді жастардың бойына сіңіру қажет. Қазақ қандай кең болған еді. Дархандығы даласынан дарыған, тектілік бабасынан жарыған. Бастамаларымыз көп. Ел басшысының айтып жатқан сөзінің дұрыстығы, әділдігі, білгірлігі, дипломатиясы – бәрі жөн. Бірақ айтылған сөз және соның жүзеге асырылуы бәрінен құнды. Іс пен сөз қабысса екен. Сөздің құндылығы сонда, егер нәтижелі болса. Біз сол нәтижеге өз дәрежесінде жете алмаудамыз.

Жолдауда қандай өзгеріс болды?

– Жолдаудың жолданғаны жақсы. Халықтың тұрмыс-салтын түзеген дұрыс. Сол бойынша жоспар жасағаны қуантады. Гәп – орындалуында. Бәрібір баяғының жақсысын айтпасқа болмас. Бұрын Кеңес кезеңінде 5 жылға жоспар жасайтын. Жыл сайын атқарылған жұмыстарды пысықтап тұратын. 5 жылдан кейін қандай нәтижеге қол жетті, қайсысы орындалмады, соны қарайтын. Қолынан іс келмегендерді істен босататын. Атқарылмай қалған шаруаны соңына жеткізіп орындайтын.

Бастама көтерген жөн. Алайда, Жолдаудың сұрауы болуы керек. Жүзеге аспаған тұсын көрейік. Әр тапсырылған істі жыл соңында қорытындылайық. Мынау шаруа атқарылды, келесі шаруаға күш жетпеді, мына тірлікті кім істеді деген қадағалау қажет. Бюджеттен бөлінген ақшаны жөнді пайдаланайық. Халықтың қаржысына қол салмайық. Министр, әкім тұрақты болуы тиіс. Әрі-бері ауыс-түйістен дым шықпайды.

Мемлекеттік кадр дайындауды қолға алайық. Маған салса мемлекеттік тұрғыда істейтін мамандарды дайындар едім. Өмірде тәжірибеден артық ештеңе жоқ.

 

Мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді білуі міндет

Қазақ тілінде іс-қағаздарды жүргізуді қайтіп жолға қоямыз?

– Ойымды тереңнен толғайын. Айналайындар, қазақтың байтақ даласы қандай кең болса, тілі де сондай бай. Неге? Себебі, қазақ атпенен желіп жүріп кең даланы сақтап, ел мен ел араласты. Мен қазақты сүйемін, тілін құрметтеймін, сондықтан қазақ жұрты да маған мейірбан.

Біз қазақ тілінің жағдайына келгенде жан аямай қызмет қылуымыз қажет. Шен-шекпенге қызықпайық. Мысал үшін, мына орыс халқы өзінің мәдени орталығында орыс тілі үшін жанын салып іс қылады. Өзге этностарда өздерінің жайына келгенде солай етеді. Қазақстан Президенттігіне үміткер тұлға қазақ тілінен емтихан тапсырады. Біз сол ісімізге ғана мәзбіз. Ал неге соны барлық мемлекеттік қызметшілер тапсырып тұрмайды. Қазақтың тілін айқайлап айта бергеннен түк те шықпайды. Егер қажеттілік артып, қазақша білмейтіндер мемлекеттік құрылымда істеуге бүгін тыйым салынсыншы, бәрі судай сайрап шыға келеді.

Дәлірек:

  • Қазақ тіліне талап болуы керек;
  • Қазақтың тіліне сұраныс болуы тиіс;
  • Тіл қажеттілікке айналуы шарт;
  • Ұлтаралық қатынас тілі жасау қажет.

Балаң ең қиын қытай, хинди тілдерін үйренеді. Әй, неге өзіңнің анаңның ақ сүтімен келген тілді үйренбейді. Осы ғой, біздің жанымызға бататыны. Отыз жылдан бері сарнап айтып келеміз, бірақ әлі қазақшаны жарытып сөйлемейтіндер қатары көп. Өйткені, жалтақтық басым. Тек күн үшін күн көретіндер көбейді. Кеңес үкіметі тұсында «орыс тілін білмесең нан тауып жей алмайсың» дейтін-тұғын. Ондай дақпырттың дәурені өтті. Түбі қазақ тілі Қазақстанда салтанат құрады. Сол күнге жетейік! Бірақ қай уақытта қазақша сөйлеу мемлекеттік дәрежеде жүзеге асырылады екен, соны аңсаумен өтетін болдық қой.

Бүгінде «Қазақ елінде қазақша білмесең – күн көру мұң» деп шегелеп жазып қою шарт. Сол арқылы барлық құжат атаулыны тек қазақша толтыру керек. Газеттен оқыдым, қырғыздар мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін міндеттейтін заң қабылдапты. Ана тілін қолдау бойынша өзбегің де, қырғызың да алда тұр. Білесіз бе? Олар отбасында ұлттық тәрбиені тіл арқылы бала-шағасының бойына сіңіреді. Ал біздікілер қырық жыл бұрын құрып кеткен орысшадан айырылғымыз келмейді. Балаларымыз орыс мектебіне барады. Содан кейін өзгелерден не сұрайсың?  Отаршылдық қай халыққа өтпеді дейсіз. Бәрі де отаршылдық езгіні көрді. Әлі де сол өткен шақтағы Компартияның отаршылдық идеологиясынан шыға алмай жүргендер жетеді.

Қазіргі баланы телефон тәрбиелеп жатыр. Ішіп-жейтін нәрсенің бәрін баладан аямайды. Десе де, өз ұлтыңның перзенті екендігін ұғындыра бермейді. Қанша қадағалағанмен тілді балаға сіңіретін, болашақ өмірге өз ана тілінде тәрбиелейтін, ол – отбасы. Барлық істің алғашқы қадамы жанұядан басталады.

 

Тіл комитеті ел басшысына тікелей бағынуы тиіс

Мемлекеттік тілді қадағалайтын жоғары орган қажет пе?

– 1989 жылы Кеңес өкіметі өктемдігін жүргізіп тұрған шақтың өзінде «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Сол кездің өзінде жеке-дара Тіл комитеті болсын деп бастама көтерді. Тіпті, министрлік деңгейінде болса деп те ұсыныс жасалды. Сол уақытта Қазақстан Орталық Комитетінде идеология бойынша лауазымды басшы, қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков басқарып тұрған еді. Ұлтқа тілімен, қанымен, жанымен қызмет қылған дара тұлға-тұғын.  Сондай бірегей тұлғалардың бірлесуінің арқасында Тіл комитеті құрылды. Сол кезде Тіл комитеті Премьер-министрдің жанында болды. Сөйтіп, үкіметтік институт дәрежесіне көтерілді. Оған арнайы мекеме берді. Ресми басшысы, үш орынбасары сайланды. Осы күні Тіл комитетін біресе ҚХА, ендігіде министрлікке қосып әбігерге салудамыз.

Бір қағиданы шегелеп айтайын. Тіл комитетін Президентке тікелей бағындыру керек. Әйтпесе, бір министрлік немесе департамент екіншісіне құлақ салмайды. Айтқан нұсқауларын елемейді. Ел басшысы Тіл комитетінің жұмысын қадағалап, жыл сайын қомақты бюджет беріп, мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі үкіметтің жұмысына бақылау жүргізіп отыруы керек, Мониторинг жасап, халыққа есеп беріп отырса екен. Міне, сонда ғана қазақ тілінің көсегесі көгереді.

Тағы бір ұсынысымды айта өтейін. Мен қазақтың әр сөзін бойтұмар етемін. Әрбір қанатты сөзін өзімнің ойыма өзек етіп қосып жүремін. Қазақтың дүниетанымында «қойшы көп болса, қой арам өледі» дейді. Саны бар, сапасы жоқ көптеген қоғамдық ұйымдар мен тіл институттарының басын біріктіріп, баршасын бір арнаға тоғыстырайық.

Қазақстанда Республикалық Қазақ тілі комитетін құрып, әр облыста басқармаларын жасақтап, аудандарда бөлімшелерін ашып қою қажет. Содан кейін оларға құқық берейік. Не істеп, не қойып жатқанын қадағалайық. Мысалы, Ассамблея мен Қоғамдық келісім ұйымдары бар, ал екеуінің атқаратын қызметі біреу-ақ. Жан-жаққа ақша шаша бергенше, мемлекет бюджетін үнемдейік.

 

ҚХА қазақи мүддеге қызмет қылуы қажет

Қазақстан халқы Ассамблеясының елге тигізер пайдасы бар ма?

– Ойымды біршама мысалдармен толықтырайын. Айта кетейік, біз осы игі ойларды айтқанда ешкімді алалап, бөліп жармаймыз. Әйтсе де, қоғамдағы ойды айту парыз. Мен ҚХА атынан Парламентке 5 депутат тағайындауды құп көрмеймін. Бізде сол бесеуден басқа өзге ұлттың өкілдері заң шығарушы органда, атқарушы билікте толып отыр ғой. Неге артықшылық береміз? Қазақ жұрты «бөлінгенді бөрі жейді, айырылғанды аю жейді» деп бекер айтпаған. Ассамблеяның қызметі шалағай. Әлемде жоқ ұйымды сақтап келеміз. Иә, тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінде керек болған болар.  Құдайға тәубе, тыныштық замандамыз. Алайда, айдың күннің аманында, бұндай басы артық ұйымның қажеті шамалы.

Сондай-ақ, БҰҰ мен ҚХА салыстырудың өзі ақымақшылық. Біріккен Ұлттар Ұйымының астындағылардың әрқайсысы жеке-жеке мемлекетті құрайды. Қазақ ата-бабалары білектің күшімен, найзаның ұшымен, ақыл-парасатты іске қосып қазақ сахарасын жаудан аман сақтап қалды. Осыған қарап әлгі екеуін салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. Бұрынғылар «үй ішінен үй тікпе» деген. Тегі, жай айтпаған шығар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі функциясы – мемлекетшілдік мүдде болатын. О баста өзге этностар мемлекет құраушы ұлт – қазақпен араласып, бір-біріне етене жақын болсын деген мақсатта қойған болатын. Сол қызметін бүгінде атқара алмай отыр. Әркім өзінің жайын күйттеп кетті. Басында «Қазақтану» деген жобалары болды. Оған қыруар қаржы бөлінді. Ал нәтижесі оңбады. Мен басқа этностардан қазақты қайтіп танисыңдар деп сұраймын. Қазақ – қырғыз, өзбек, моңғолға, қытай һәм кәріске де ұқсайды. Ал ажыратып көріңдер деймін ғой. Сонда біреуі жауап бере алмай, кібіржіктейді. Қарақтарым-ау, бір-ақ фактор бар емес пе? Жандарым-ау, тілмен анықтайсыз. Тілің арқылы сіз – қазақсыз. Бәрімізде жұмырбасты пендеміз. Ешкім ешкімнен кем емес. Бірақ қазақ тілін Ассамблея мүшелері жандандырып, дамытып, ұлтаралық дәреже көтеруге атсалысуы міндет. Қазақтың наны тәтті, тілі ащы болмауы керек. Қазақ топырағын басып жүрген әрбіріміз қазақ тілін біліп, ұлттық мүддесіне үлес қосып, әдет-ғұрпын, салт-санасын құрметтеуге тиіспіз.

 

Береке-бірлік мол болсын!

Ұлт мүддесі үшін қашан қызмет қыламыз?

– Бұрын «қазақтың – қазақтан басқа досы жоқ» деп айтатын. Бұл жағынан хакім Абайдың айтқан өсиеттері жетерлік. Соны тыңдайтын құлақ болмай тұр ғой. Айтудай-ақ айтамыз, бірақ ұлттық мүддені ту етіп ұстамаймыз. Әңгіме – осында! Мен де «тіл – қазақтың тірегі, тіл – жүрегі, қазақ тілі тұрғанда алтынның да құны жоқ» деймін.

Өзімше өлеңмен жеткізейін:

Танытқан қазағымның қазақтығын,

Танытқан қазағымның азаттығын.

Танытқан қазағымның ғажаптығын,

Айналдым құдіретінен қазақ тілдің.

Осындай ұлағатты сөздерді үлкен қалалар мен әрбір елдімекенге жазып қоюға болады ғой. Түріктің патриоттығында, ұлттық рух пен сезімінде шек жоқ. Іргедегі өзбегің де солай. Елдің ішінде қазақы рухты, әділ азаматтар толып жүр. Соларды көтерейік. Ұлттық мүддені алдыңға қатарға шығармай, іс өнбейді. Қай күні қазақ өзінің ғасырлар бойғы қалыптасқан өткеніне қарайды, соны бүгінгі қоғамдық санамен ұштастырады, сол кезде қоғам ұлт мүддесіне топтасады.

Әр ұлт өзінің табиғатын білу керек. Ата-бабамыздан келе жатқан қасиетімізден ажырамайық. Бірақ ілгері жүруді де ескерейік. Еуропаның гендерлік саясат деп жүргені өзінше. Түп қазығымызға мән берейік.

Қоғамда ер адамдардың рөлін көтерейік. Қазақта «әкенің сесі  балаға ес» дейді. Осы мақал-мәтелге мән беруге болады емес пе? Мінеки, әкенің рөлі қандай болған! Бұрынғылар «Әке көрген оқ жонар...» деген. Текке тәмсілдемеген. Балаға әке де, шеше де керек. Бәрібір тәрбие жағынан келгенде әке тәрбиесінің орны бөлек. Ал ана қанша дегенмен ана. Шешенің жүрегі нәзік, қатты айтып қатырмайды.

Айналайындар, тәрбиені ата-анаға, отбасына жүктеу керек. Баланың тәртіпсіз болғаны сенен деп, әке-шешенің көзіне шұқып көрсету қажет. Батыр Бауыржан Момышұлы «тәртіпке бас иген құл болмайды» деп бекер айтпаған. Ел арасында «ұлт тірегі ұрпақ, тәрбие тіні қыз» деген мақал бар. Ертеректе «ұл-қызыңа әдеп үйрет, білім, тәрбие бер, сонда ғана өмір оған күлімдер» дейді екен.  «Неге» деген сөздің өзі философия. Зер салсаңыз, осыдан том-том кітап жазуға болады. «Қызға қырық үйден тыйым» дейтіні бетімен жөн-жосықсыз кетпесін деген қағида. Оны басқа үйге жібермеу дегені емес. Қазақтың әрбір сөзінде емес, әрбір әріпінде мағына жатыр.

Қазақ елінде ұлттық мүдде алдыңға орында тұрса екен. Өйткені, жаһандану заманында жұтылудан сақтайтын жалғыз жол, ол – қазақилық. Ел іргесі бүтін болып, береке-бірлігіміз артып, мемлекет әлеуеті күшейіп, елдің көңілі де, қарны да тоқ болсын, ағайын!

Көп рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас ЖОЛДЫБАЙ.