Ильхам Алиев жеңіске жете ме?

Ильхам Алиев жеңіске жете ме?
Сурет: az.sputniknews.ru

    Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы өкімге қол қойды. Сайлау 2024 жылдың 7 ақпанында өтпек. Бұл тәуелсіз ел тарихындағы тоғызыншы президент сайлауы. Дәл қазір үміткерлер тіркеліп жатыр. Қазіргі Президент Ильхам Алиев те үміткер ретінде тіркелді. Оның жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Оған Таулы Қарабақ факторы әсер етпек.

    Заңнамаға шолу

    Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев конституциялық өкілеттігін пайдаланып кезектен тыс президент сайлауын өткізуге шешім қабылдады. Қол қойған өкімінде кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді ел Конституциясының 101-бап, 1-тармағына және Сайлау кодексінің 179-бабына сүйене отырып қабылдады. Демек, президент сайлауын өткізу, оның тәртібі Конституция мен  Сайлау кодексіне негізделмек.

    Әзербайжанның Конституциясы бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылы 12 қарашада қабылданды. 27 қарашада заңды күшіне енді. Ата заңға өзгерістер 2002, 2009 және 2016 жылдары енгізілді. Барлық өзгерістер бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған.

    Барлық конституциялық референдумдарда ең негізгі өзгерістер мен толықтырулар президентті сайлау, оның өкілеттігі мен мерзімі мәселелерін қамтыған. Мысалы, 2002 жылғы конституциялық референдумда бюллетендерде 8 сұрақ болған. Оның ішнде 5-сұрақта президентті сайлау тәртібі мәселесі көтерілген. Оған дейін президент сайлауға қатысқандардың үштен екі бөлік дауысын алса жеңіске жететін. Ал референдумда мажоритарлы сайлауды енгізу қабылданды. Яғни сол кезден бастап 50+1% қағидасымен дауыс алса президент болады. 6-сұрақта президент өкілеттігіне қатысты мәселе көтерілген. Референдумға дейін президент өкілеттігін тоқтатса, әлде тоқтатылса оның орнына уақытша парламент төрағасы міндетін атқаратын. Референдумда оның орнын премьер-министр атқарады деп ұсыныс жасалды. Халықтың басым көпшілігі өзгерістерді қолдап дауыс берді.

    2009 жылғы конституциялық референдумда ешкім президент лауазымын екі реттен артық атқара алмайды деген өзгеріс қабылданды. Сондай-ақ, әскери уақытта президент соғыс әрекеттері аяқталғанша өз қызметін атқара береді деген өзгеріс те енгізілді.


    Президент институтының үстемдігі

    Ең күрделі өзгерістер 2016 жылғы конституциялық референдумда қабылданды. Референдум нәтижесі:

    • Президенттің өкілеттіктері 5 жылдан 7 жылға ұзарды;
    • Конституциядан 35 жастан кіші азаматтар президент бола алмайды деген бап алынды;
    • Бірінші вице-президент және вице-президенттер қызметтері енгізілді;
    • Президент мерзімінен бұрын қызметін тоқтатса оның өкілеттіктері премьер-министрге емес, бірінші вице-президентке өтеді;
    • Президент Ұлттық Мәжілісті тарату және кезектен тыс президент сайлауын өткізу құқығына ие болды;
    • Азаматтар Парламентке 25 жастан емес, 18 жастан бастап сайлану құқығына ие болды.

    2002 жылдан бері өткен Ата заңға енгізілген өзгерістер президент институтының өзге билік тармақтарына қарағанда ықпалын көбейтті. Ал оның үстемдігі 2016 жылы толық орнады. Қазір мемлекет толықтай саяси-құқықтық тұрғыдан президенттік басқару нысанындағы елге айналды.

    2002 жылы президент қызметін мерзімінен бұрын аяқтаса, оның өкілеттігі премьер-министрге өтетін. Ал 2016 жылғы реформада бірінші вице-президентке өтеді деген өзгеріс енгізілді. Соңғы реформада бірінші вице-президенттен бөлек вице-президенттер лауазымдары енгізілді. Оларды президент тағайындайды. 2017 жылы бірінші вице-президент лауазымына Мехрибан Алиеваның тағайындалуы бұл өзгерістірде не үшін енгізді деген сұраққа жауап берген сыңайлы.

     

    Кезектен тыс сайлау  өткізудің саяси астары

    Сайлауға уақыт бар болса да қазіргі президенттің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары деп айта аламыз. Себебі, Таулы Қарабақ үшін соғыс оның халық алдындағы рейтингін көтеріп, саяси ұпай әкелді. Сөйтіп, ол  тарихи өз жерін еліне қайтарды.

    2009 жылы референдумда президент соғыс уақытында қақтығыс біткенше өз қызметін атқара береді деген өзгерісті Конституцияға енгізгенін жоғарыда атап өтіп едік. Бірақ Таулы Қарабаққа қатысты соғыс аяқталды. Дәл қазір оның халық алдындағы беделі жоғары. Ел жеңіске жетті. Енді ары қарай сайлау уақытын созуға себеп жоқ. Себебі, уақыт өткен сайын президенттің беделі түсуі мүмкін. Оның рейтингін жоғары ұстап тұратын сыртқы жау жоқ. Қазақы айтқанда, қазіргі президент темірді қызған шағында басуға әрекет етуде.  

    Оның үстіне Абай Құнанбайұлы жазғандай, адамда жалығу сезімі болады. Бұл, әсіресе, демократиялық режимдерге тән құбылыс. Ильхам Алиев биыл қатарынан бесінші рет сайлауға түспекші. Осы факторды да ескерген жөн. Сайлау өткізіп, жаңа уәделер беріп халықтың қоғамдық пікірін бір сілкіп алу қажет. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі президенттің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары.

    (Дереккөз: «aa.com.tr»)