Қазақстанның денсаулық сақтау саласында ақпараттық хаб құрылады

Қазақстанның денсаулық сақтау саласында ақпараттық хаб құрылады
Сурет: Inbusiness.kz

Мамандар осы бағытта жасалатын жұмысты талқылады.

Қазақстан Үкіметі мемлекеттік денсаулық сақтау қызметтерін көрсетудің сапасын, тиімділігін, қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен саланы цифрландырудың бірқатар бағыты бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Жиында пилоттық ұйымдарда деректерді жинау мен талдаудың және процестерді басқарудың жаңа технологияларын енгізу, медициналық бейнелердің орталықтандырылған қоймасын құру, сондай-ақ медициналық ұйымдарда толық қағазсыз құжат айналымына толыққанды көшу мәселелері сараланды. Бірлескен жобалар клиникалық хаттамаларды цифрлауды, қажетсіз нысандар мен талаптардан арылуды көздейді.

Министрлер медицинадағы коммуникация арналарын кеңейту тақырыбын зерделеп, дәрі-дәрмек айналымы, медициналық қызмет және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау салаларында автоматтандырылған мемлекеттік бақылау құралдарын енгізу аспектілерін егжей-тегжейлі талқылады. Қазақстандағы телемедицинаны дамыту және денсаулықты қашықтықтан мониторингілеуді кеңінен енгізу маңызы ерекше атап өтілді.

«Қос тарап Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығын ЦДИАӨМ-ге беру және цифрлық денсаулық сақтау саласында заңды тұлға мәртебесін беру туралы шешім бойынша ортақ пікірге келді. Бұл шешімнің артықшылығы - денсаулық сақтау саласында орталық ақпараттық хаб құру және мемлекеттік денсаулық сақтау қызметтерін көрсетудің сапасын, тиімділігін, қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыру», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.