Елімізде халықаралық инвесторлар апталығы басталды

Елімізде халықаралық инвесторлар апталығы басталды
Сурет: Іnbusiness.kz

Қаржы саласы жандануда

Қазақстанда халықаралық инвесторлар апталығы басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Тиімді дивидендтер алу үшін жинақтарды қалай және қайда салу керек? Бұл мәселенің анық-қанығын ұғынуға жетекші әлемдік және отандық сарапшылар көмектеседі. Елордада халықаралық инвесторлар апталығы басталды. Астана халықаралық қаржы орталығының онлайн алаңында жаһандық деңгейде танылған 20-дан астам маман өздерінің тәжірибелерімен бөлісетін болады.

Олар қаржы құюдың мүмкіндіктері, құралдары мен тәуекелдері, сондай-ақ осы саладағы инновациялар туралы әңгімелейді. Бұл жөнінде көбірек білгісі келетін кез келген адам халықаралық орталықтың ресми сайтында тіркеліп қосыла алады. Өткен жылы сала мамандарының дәрістерін 3 000-нан астам адам тыңдады.

Бұл жолы 17 іс-шара жоспарланған. Оның ішінде вебинарлар, әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер және панельдік сессиялар бар.

«Біз бұл іс-шараны осымен 4 жыл бойы бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық ұйымның қолдауымен өткізіп келеміз. Бұл - қор нарықтарының барлық реттеушілерін біріктіретін жаһандық ұйым. Осы аптада өткен жылдағы тың үрдістер мен іс-шараларды қайта саралайтын боламыз. Біріншісі қаржылық сауаттылық, жаһандық деңгейде ол әлі де төмен қалып отыр. Халықаралық ұйымдар ересек халықтың жартысы өздерінің қаржылық сауаттылығын әлі де арттыру керек деп санайды», - деді «Астана» халықаралық қаржы орталығы комитетінің бас директоры Мұхтар Бөбеев.