Қазақстанның балық өнімдері әлемнің 21 еліне экспортталып жатыр

Қазақстанның балық өнімдері әлемнің 21 еліне экспортталып жатыр
Сурет: Aqmeshit-aptalygy.kz

Тек осы жылдың басынан бері елімізден 15,6 мың тонна балық сыртқа сатылды.

Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Үкімет 2021 жылғы сәуірде балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдаған. Оның аясында 2030 жылға қарай 270 мың тонна балық өсіру, ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту және балықтың табиғи популяциясын 7 пайызға арттыру көзделіп отыр.

«Бағдарлама шеңберінде қабылданған шаралардың нәтижесінде саладағы бизнестің іскерлік белсенділігінің өсуі байқалады. Мәселен 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылығының саны 2 есе артып, 383-ке жетті. Балық өсіру 9 мың тоннадан 19 мың тоннаға дейін өсті», - дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.