Қазақстандықтарға жаңа SMS-хабарламалар жіберіле бастады

Қазақстандықтарға жаңа SMS-хабарламалар жіберіле бастады
Сурет: Lifehacker.ru

21 қазаннан бастап тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға SMS-хабарлама жіберіледі.

ІІМ 21 қазаннан бастап тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға SMS-хабарламаларды жіберуді бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Eгер осындай SMS-хабарлама келіп түскен болса, онда ІІМ дерекқорында сіздің тіркелуіңіз туралы мәлімет жоқ. Сондықтан сізге тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелу қажет. Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты нақты тұратын жері бойынша тіркеусіз тұруға байланысты әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осал азаматтарға қосымша қаржылық жүктемені азайту (әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмау үшін)», - делінген хабарламада.

Бүгінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік, 1 айдан аса уақытқа 7 айлық есептік көрсеткіш немесе 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған («Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 492-бабы).

Қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі «Электрондық үкімет» порталында қолжетімді. Өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңізді порталдағы «жеке кабинетте» (eGov.kz) немесе eGov mobile мобильді қосымшасында тексере аласыз.