Қазақстандық ЖСН алуға бір күнде 13 мың ресейлік өтініш берген

Қазақстандық ЖСН алуға бір күнде 13 мың ресейлік өтініш берген
Сурет: Еgemen.kz

Шамамен осындай мөлшер бір ай бойы қабылданатын еді.

Қазақстанда бір күн ішінде ресейліктер ЖСН алуға 13 мың өтініш берген, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Ресей азаматтары бейрезидент ЖСН-ін алу үшін ХҚКО-ларға жаппай өтінім беріп жатыр. Нәтижесінде жүктеменің артуы байқалады. Қазақстанда уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыру қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» және шетелдік мекемелер арқылы көрсетіледі», - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Оның айтуынша, ЖСН бір жұмыс күні ішінде дайындалады, бейрезиденттің төлқұжаты болуы қажет, көрсетілетін қызметті алушының өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат қажет.

«Қазіргі уақытта ЖСН алу үшін ресейліктер ағыны Астана, Алматы және шекаралас қалаларда көп байқалады. Кеше ғана еліміз бойынша 13 мыңнан аса өтінім қабылданды. Шамамен осындай мөлшер бір ай бойы қабылданатын еді», - деп қосты ол.

Шетелдік азаматтарға қызмет көрсету үшін ЦДИАӨМ Астана мен Алматыда, сондай-ақ Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Ақмола облыстарында жекелеген ХҚКО-лар жұмысын күшейту туралы шешім қабылдағаны айтылған еді.