ІІМ министрі жиналыстардың қазақ тілінде жүргізілетінін алға тартты

ІІМ министрі жиналыстардың қазақ тілінде жүргізілетінін алға тартты
Сурет: Adyrna.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мемлекеттік тілге қатысты сауал жолдаған журналистің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

БАҚ өкілі Ішкі істер министрлігінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы тар екенін алға тартып, қазақ тілі неліктен аударма тілі ретінде қолданылып жүргенін сұрады. 

Министр журналист сауалға тиек еткен аударма тіл жөніндегі ақпаратты растай алмайтынын айтып, жиналыстардың қазақ тілінде жүргізілетінін атады. 

- Біздің шұғыл мәжілісіміз болсын, алқа мәжілісі болсын мемлекеттік тілде өтеді. Сұрақ келгенде, берген тілде жауап беруге міндеттіміз. Ол жерде басқа тілге басымдық беру немесе мемлекеттік тілді шеттету фактілері жоқ деп есептеймін, - деді министр. 

Кейіннен министрден Ішкі істер министрлігінде іс-қағаздар мемлекеттік тілде жүргізілуі үшін және министрлік мамандары қазақ тілін жақсы меңгеруі үшін қандай істер атқарылып жатқаны сұралды.

- Сіздің қойған сұрақтарыңыздың жаны бар шығар. Біз де оны ескереміз. Бірақ менің ойым - ешқандай тапсырма қажет емес. Сұраныс болған кезде, сол тілде сөйлеп, сол тілде жауап береді, - деп жауап берді министр.

Сондай-ақ ол мемлекеттік тілді білу әр қызметкердің міндеті екенін айтып, ондай кемшіліктер болса, шара қолданылатынын жеткізді.