Қазақстандық жас теннисшілер Астанада өткен турнирдің чемпионы атанды

Қазақстандық жас теннисшілер Астанада өткен турнирдің чемпионы атанды
Сурет: Kaztag.kz

Астанада «Дәулет» теннис орталығында 18 жасқа дейінгілер арасында бесінші санаттағы ITF Juniors турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Қыздар арасында қазақстандық Ульяна Романова жекелей сында үздік шықты.

У.Романова финалда ресейлік Ксения Крупенинаны 6:3, 4:6, 6:2 есебімен тізе бүктірді.

Жұптық сында Әдемі Аманкелді мен Сати Әубәкірова ресейліктер Кристина Белкова – К.Крупенинадан айласын асырып, чемпион атанды – 6:2, 6:3.

Ұлдардан Ілияс Маратұлы абсолютті жеңімпаз болды. Ол жекелей сында командаласы Кирилл Колгановтан басым түсті – 6:4, 6:3. Ал жұптық сында тағы бір қазақстандық Илья Ведмедьпен бірге соңғы бәсекеде отандастары К.Колганов – Виталий Зацепинді жеңді – 1:6, 6:1, 10:2.

Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында аяқталған ITF World Tennis Tour W15 жарысында Аружан Сағындықова мен Жанель Рүстемова жұптық сында финалға дейін жетті. Олар шешуші бәсекеде доданың бірінші ракеткалары, қытайлық Тайбэй өкілдері Сунь Чо – Цен Чоға ғана есе жіберді – 1:6, 0:6.