Ұлттық банк доллардың құны күрт қымбаттайтыны жөнінде белгі берді

Ұлттық банк доллардың құны күрт қымбаттайтыны жөнінде белгі берді
Сурет: Informburo.kz

Ресей қамтамасыз етілмеген "сабан ақшасын" қаптатып басуға кірісті. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұлттық банк доллардың құны күрт қымбаттайтыны жөнінде белгі берді

Өткен айда бүкіл әлемде доллардың бағасы құлдырады.

Financial Times түсіндіруінше, бұған 2020 жылдан бері қатаң карантинге құрылған "Zero COVID" саясатын ұстанып келген Қытай билігінің шектеу шараларын жұмсартқаны туралы хабар негіз болды.

Сонымен бірге АҚШ-та қазан айында инфляцияның 7,7%-ға дейін айтарлықтай азайғаны туралы деректердің шығуы да доллар индексінің төмендеуіне түрткі болды. Бұл өз кезегінде халықаралық инвесторлар үшін ақша салуға тартымды құрал болған АҚШ қазынашылық облигацияларының табыстылығының қарашада төмендеуіне ықпал етті. Бұл Американың Федералдық резерв жүйесінің (Federal Reserve System, the Fed) шешуші ставканы (бізше базалық ставканы) көтеруі үшін қажетті негізді азайтты.

Нәтижесінде, қараша айының қорытындысында DXY доллар индексі 2010 жылдан бері алғаш рет жедел қарқынмен әлсіреп, 5%-ға дейін арзандаған. Бұл әлемдегі дамушы елдер валюталары индексінің нығаюына серпін берді.

Алайда Қазақстанда доллар, керісінше, қымбаттап, теңге құнсызданып жатыр. Бір ай бұрын, 11 қарашада, KASE биржасында доллар бағамы 461,9 теңгені құраған. Ал 10–11 желтоқсанда, Ұлттық банктің белгілеуінше, доллар бағасы 472,14 теңгеге жетті және өсуін жалғастыратын түрі бар.

Оның үстіне Ұлттық банктің өткен айда теңгені қолдау үшін ішкі нарықта 70 млн долларға интервенция жүргізгені анықталды. Одан бұрынғы айларда интервенциялардан бас тартып келген еді. Бұған қоса Үкімет квазимемлекеттік сектор субъектілерін, ұлттық компанияларды шетелде тапқан валюталық табысының 500 млн доллар көлеміндегі бөлігін ішкі нарықта сатып, теңгеге айырбастауға мәжбүрлеген. Осының бәрі ұлттық валютаның нығаюына жәрдемдесе алмағаны байқалады.

Сарапшылар ұлттық валютаның нығаюына септесетін фактордың жоққа тән екенін айтып жүр.

Енді Ұлттық банк те келесі 2023 жылы доллар құны шырқау шегіне жетуі мүмкін деп ескертіп отыр.

Бұл, тиісінше, теңгенің құнсыздануына соқтыруы мүмкін.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың түсіндіруінше, әлемдік нарықтарда АҚШ доллары "қорғаныштық актив" ретінде пайдаланылады және қазіргі алмағайып заманда оның бұл рөлі артқан. АҚШ қаржы нарығындағы ағымдағы жоғары ставкалар, сыйақылар долларлық активтердің жоғары табыстылығын сақтай алды. Тиісінше, оларға деген сұраныс өсуде.

"Сарапшылар АҚШ долларының индексін жоғарылатқан факторлар әлсірейді деп күтіп отыр. Сондықтан 2023 жыл – доллар шырқау шегіне жететін жылға айналады. Бірақ содан кейін доллар құлдырамауы ықтимал: әлемдік экономиканың баяулауы және рецессияның басталуы сценарийі жүзеге асып, FRS-тің саясаты күрт қатайса, АҚШ валютасының нығаюы жалғасады", – деді Әлия Молдабекова.

Ол теңгеге дем беретін факторлардың аздығын жасырмады: мұнай бағасы құлдырап, құбылмалылық сақталды. Еуропалық Одақ көрші Ресейдің мұнайына баға шектеуін енгізді. Bloomberg-тің медианды-орташа болжамына сәйкес, 2023 жылдың I тоқсанында қара алтынның бір бөшке-баррелінің бағасы 92 долларға дейін ғана көтерілуі ықтимал.

Ал бұл Қазақстанның ұлттық валютасының нығаюына көп сүйеу бола алмайды. Биылғы жылы қара алтын құны жаһандық нарықтан жүз межесінен асып, 114 доллар биігін бағындырып қайтты. Алайда одан теңге қымбаттай қойған жоқ.

Доллар бағамының біздің аймағымызда, соның ішінде Қазақстанда қымбаттауына түрткі болатын тағы бір фактор бас көтерді. Соғыс шығынына бола, қаржыдан тарыққан Ресей станокты қосып, рубльді қаптатып баса бастаған. Бұл алда оның құнсыздануына соқтыруы мүмкін. Девальвацияланған рубль өзімен бірге қазақстандық ұлттық валютаны да құрдымға тартуы ғажап емес.

Ресейлік қаржылық басылымдардың жазуынша, Орталық банк басшысы Эльвира Набиуллинаның экономикада "артық" рубль болмауға тиіс деген мәлімдемесіне қарамастан, Ресейде 2022 жылы өте көп басылғандықтан, ақша массасының көлемі ай сайын артуда. Атап айтқанда, Ресей банкінің https://www.cbr.ru/statistics/ms/дерегінше, егер 2021 жылдың желтоқсанында ақша массасының көлемі 62 трлн рублді құраса, ал 2022 жылғы қарашада 76 триллионға жеткен. Ары қарай тоқтаусыз өсуде. 2020 жылғы желтоқсанда бұл көрсеткіш 56 трлн ғана болған.

Ресейлік экономист Евгений Суворов Мәскеудің алтынмен, халықаралық резервпен, жалпы, ештеңемен қамтамасыз етілмеген рубльдерді шектен тыс көп басып жатқанына назар аудартты.

"Бұрын қалай еді? Ұлттық әл-ауқат қорына (ФНБ) мұнай мен газ экспортынан түскен ылан-ойран табыс құйылатын. Олар рубльге конвертацияланатын және бюджетке, басқасына бөлінетін. Бірақ қазіргі кезде санкциялар кесірінен бұл жүйе жұмыс істемейді: Қаржы министрлігінің шетелдік есепшоттары бұғаттаулы. Сондықтан ондағы шетелдік валютаны ол сата алмайды. Тиісінше, Орталық банк басып жатқан жаңа рубльдер валюталық түсіммен де қамтамасыз етілмеген. Олар алтынмен де қамтылмаған, себебі РФ резервтерінің құрамындағы алтынның үлесі тым төмен: шамамен 20% ғана", – деді ресейлік экономист.

Салыстырсақ, резервтерінің құрамындағы алтын үлесі Венесуэлада – 82%, Португалияда – 70%, АҚШ-та – 66%, Германияда – 65%, ал Қазақстанда – 63%.

Яғни рубльге қарағанда, қазақтың теңгесінің алтынмен қамтамасыз етілу деңгейі бірнеше есе жоғары.

Соған қарамастан, егер рубль күйресе, онда Қазақстанның ұлттық валютасының жағдайы да күрделі болары даусыз.

В.Путин валюталық реттеуді 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартатын жарлыққа қол қойды. Яғни соған дейін рубльдің бағамын да жасанды түрде ұстап тұруға тырыспақ. Одан не шығатынын уақыт көрсетеді. Бүгінде рубль түгіл, Ресейдің тағдыры қыл үстінде тұрғандай. Ендеше көршінің төл сабан ақшасының құнын құлдыраудан құтқарып қала алатынына еш кепілдік жоқ.