Қазақстандық волейболшылар Австралияны жеңді

Қазақстандық волейболшылар Австралияны жеңді
Сурет: ашық дереккөз

Таиландтың Накхонратчасима қаласында өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы Австралияны жеңді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл 5-8 орындар үшін плей-офф сатысындағы кездесу болатын. Жеңген құрама 5, жеңілгені 7 орын үшін таласатын еді.

Кездесу аса тартысты жағдайда өтті. Бес сетке созылған ойында қазақстандық волейболшылар қарсыласын 3:2 (25:16, 21:25, 19:25, 25:15, 15:12) есебімен тізе бүктірді.

Енді ел құрамасы 6 қыркүйекте 5-орын үшін Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады.

Қазақстандық волейболшылар плей-офф сатысында алдымен Жапонияға 0:3 (13:25, 20:25, 18:25) есебімен есе жіберсе, Үндістаннан 3:0 (25:17, 25:17, 25:21) есебімен басым түсті.

Ал топтық кезеңде қазақстандық волейболшылар D тобында сынға түсті. Алдымен Филиппинді тай-брейкте 3:2 (25:21, 17:25, 24:26, 27:25, 15:6), одан кейін Гонконгты 3:0 (25:16, 25:23, 25:17) есебімен сүріндірсе, Қытайдан 0:3 (12:25, 21:25, 10:25 ) есебімен жеңілді.

Айта кетсек, қазақстандық волейболшылар Азия чемпионатына 12 мәрте қатысып отыр. Әзірге ең үздік жетістігі – 2005 жылы алған күміс медаль.