Қазақстандық палуандар жеңіске жетті

Қазақстандық палуандар жеңіске жетті

Еркін күрестен әлем чемпионатында Қазақстандық палуандар жеңіске жетті

Бішкекте есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында еркін күрестен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыс ересектер, жастар және кадеттер арасында өтті. Байрақты бәсекеде  қазақстандық палуандар қоржынға 6 «алтын», 10 «күміс» және  4  «қола» медальді салды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Ересектер арасында қазақстандық палуандар 1 «алтын», 4 «күміс» және 2 «қолаға» қол жеткізіп, командалық есепте 3-ші орынды місе тұтты. Сонымен, Пернеш Шадияр (70 кг) алтыннан алқа тақса, Бөкеев Нұрмахан (57 кг), Жақсылық Досымжан (65 кг), Әлдібаев Шыңғысхан (86 кг), Шонку Хайратхаан (125 кг) күміске қол жеткізді. Ал Тұрғынбай Ғасыр (74 кг) мен Рсалы Сабыржан (79 кг) қолаға қанағат етті.

Жастар арасында палуандарымыз командалық есепте бірінші орынға көтерілді. Бұл санаттаға палуандардың еншісінде 1 «алтын», 4 «күміс» және 2 «қола» медаль. Сонымен Самарин Андей (65 кг) тұғыр биігіне көтеріліп, алтын медалді тақты. Ал Молдағали Нұрхан (57 кг), Уразбаев Камиль (70 кг), Әзи Рамазан (86 кг), Жангабулов Искандер (74 кг) күміс медальді еншеледі. Амангелді Райымбек (79 кг) пен Бородин Константин (97 кг) қолаға қол жеткізді.

 

Кадеттер арасында 4 «алтын» және 2 «күміс» медальді еншілеген Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-ші орынға ие болды. Аскар Дарын (48 кг),  Камиден Рустем (51 кг), Салкинбек Эльдар (55 кг), Мырзахмет Нышанбек (60 кг) алтынға қол жеткізіп, ел әнұранын орындатты. Мұнан кейін марапаттау тұғырында Шолпанбай Дулат (65 кг) Жылқышыбай Айқын (71 кг) күміс медаль тағып, команданың абыройын асырды. 

Айта кетсек, Бішкекте есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында еркін күрестен әлем чемпионаты 7-11 қыркүйек аралығында өтті. Жарысқа 16 мемлекеттен 300-ден астам спортшы қатысты.