«Үлкен жиырмалықтағы» үлкен ойындар

«Үлкен жиырмалықтағы» үлкен ойындар
elmundo.es

Үндістан G20 диалог алаңын сақтап қала алды ма?

Өткен демалыс күндері Үндістанның орталық қаласы Жаңа-Делиде «Үлкен жиырмалық» (G20) саммиті өтті. Онда әлемнің алдыңғы 20 ірі экономикасы саналатын елдер бас қосты. Әрі әлем дөп келген бірқатар мәселелер бойынша пікір ортақтығын табуға тырысып бақты. Тақырыптар легінде климат өзгерісі, жаһандық экономикалық қиындықтар және Украинадағы қақтығыс мәселелері де бар болатын. Анығында, бұл тақырыптарға қатысушы елдердің пікірі сан алуан, ұстанымдары алшақ-тын. Соған қарамастан ұйымдастырушы тарап қиыннан жол тауып, қисынын келтіріп, ортақ декларацияға қол қойдыра алды. Жалпы, жиын қорытындысына қарағанда, топ 20 мүшелері елеулі де елеусіз бұл декларация арқылы әлемдегі ең ірі пікір алмасу алаңын сақтап қалғандай болды. Сонымен, Жаңа-Дели жиналысы не түйді? G20 не шешті? Үлкен үстел басында қозғалған тақырыптарды таратып көрмек ләзім.

ҮНДІСТАН ҚИЫННАН ҚИЫСТЫРА АЛДЫ

«Үлкен жиырмалық» саммиті үлкен диа­лог форматы ретінде 1999 жылдан бері жал­ғасып келеді. Содан бері топ 20 елдің өкіл­дері экономикалық саясатты үйлестіру дейтін асқақ арман төңірегінде жыл сайын топтасып жатады. Турасын айту керек, бұл форматтағы кездесулерде көбінде ортақ кон­сунсқа қол жеткізіп, бірлескен декларация жариялап жатқанымен, оның бәрін бірдей орындау міндетті саналмайды. Оның үстіне, соңғы жылдары әлемдегі күрделі геосаяси жағдайлардан кейін бұл саммиттің болаша­ғына деген күмән күшейе түскен. Себебі, «Үлкен жетілік» саммиті бұдан көрі пәр­менді. Ал оған кереғар күйде Ресей мен Қы­тай бастап БРИКС-тің ықпалын тебінді арт­тыруда. Тіпті, бұл жаңа ұйым алдағы уақытта G20 мүшелері арасынан өз жақтастарын кө­бейтуді көздеп отыр.

Тап осы тұста Жаңа-Дели сауын айтып шақырған «Үлкен жиырмалық» жиынына артылған үміт пен айтылған сын аз емес еді. Әу баста саммиттің күн тәртібінде климат­тың өзгеруі, экономикалық даму және табы­сы төмен елдердің қарыз ауыртпалығы, сон­дай-ақ Украинадағы қақтығыстан туындаған инфляция мәселесі тұрды. Осылардың ішін­де Ресей–Украина тақырыбы қатысушы ел­дер үшін ең бір нәзік тақырып болатын. Бұ­ған байланысты тараптардың ортақ пікір табуы қиын екені де белгілі еді.

Бірақ Жаңа-Делидің ұсынған деклара­циясының мазмұны Ресейдің Украинадағы әрекетін айыптаудан аулақ болды. Сөйте тұра, қақтығыс салдарынан адами зардап шегудің ауырлығын қатаң сынға алынып, топ 20 елдерді аумақты басып алу үшін күш қол­данбауға шақырды. Осылайша «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ұсынылған декларация көп тараптың көңілінен шыққан­дай болды.

ӘР ТАРАПТЫҢ АЙТҚАН СӨЗІ

Декларация мазмұнына қатысты әрі мү­шелердің пікірі түрліше болса да, негізінен ортақ пікір тізгінін ұстап қалғандарына риза­шылық бар. Қанша жерден кереғар ұстаным­дағы елдер қайшы келіп тұрса да, мәселені қақтығыс алаңына емес, келіссөз үстеліне тартатын бір жол керек.

Кезекті саммит және ондағы декларация жайында тараптардың мәлімдемелері халы­қаралық жиынның мазмұнын осы жағынан түсіндірсе керек. Айталық, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл саммитті дамушы елдер үшін табысты болды деп мәлімдеді, әрі Үндістан шынымен де «Жа­һандық Оңтүстікке» (Global South) мүше мемлекеттердің бірлігін нығайтты деп баға­лапты.

Бұнымен қат ар, Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Сал­ливан саммит декларациясындағы күш қол­дануға қарсы тұсына басымдық бере сөй­лепті. Яғни кез келген ел аумақты иемдену немесе аумақтық тұтастыққа, егемендікке немесе саяси тәуелсіздікке қол сұғу үшін күш қолдана алмайды деген қағиданы ұсыну аса табысты қадам деп көрсетіпті.

Германия мен Британия тарабы да қарар­ды оңды бағалайды. Франция президенті Эммануэль Макрон жексенбідегі лебізінде G20 халықаралық экономикалық мәселелерді шешу үшін құрылғанын баса айта келіп, Ук­раина тақырыбы бойынша дипломатиялық прогресс күтілетін алаң еместігін растайды. Дегенмен, G20 декларациясын Ресейдің дип­ломатиялық жеңісі емес дегені де бар.

Жапония премьер-министрі Фумио Ки­шида болса, Ресей мен Украина тақырыбы G20-ның ірге тасын бүлдіруі де мүмкін деп алаңдайды. Себебі, көп тарап осы мәселеге қатысты алаңдаған. Тіпті, былтырғы Бали саммитінде Мәскеу ашық айыпталғаны үшін ұйым елдерінің кезекті жиынының нәтижесі­не деген күмәні де күшейген болатын.

АЛАБӨТЕН ПІКІР МЕН АЛШАҚ ҰСТАНЫМДАР АЛАҢЫ

Бұған дейін де әлемдік ақпарат кеңістігі кеңінен талқылаған, яғни Ресей мен Қытай басшылары аталмыш жиналысқа қатыспады. Сондықтан да саммитте жалпы басымдық АҚШ пен оның батыстық одақтастарының тарапында қалатыны анық болатын. Деген­мен, біз осы «Үлкен жиырмалық» саммитіне балама тағы бір ауқымды келіссөз алаңының қысқа уақытта боп көтеріп келе жатқанын байқап отырмыз. Қытай мен Ресей ортақ ұс­танымдарына сай келетін БРИКС саммиті жақында ғана өзінің іргесін топ 20 елдері арасынан кеңейтетінін анық байқатты. Жа­қындағы жиынында аталмыш ұйым Сауд Арабиясы, Иран, Эфиопия, Мысыр, Аргенти­на және Біріккен Араб Әмірліктерінің қосы­луын мақұлдады. Бұған дейін құрамында Қытай, Ресей, Үндістан, Бразилия және Оң­түстік Африка елдері болған еді.

Бұған қарап «Үлкен жиырмалықтың» ір­гесі сетінеп жатыр деуге тағы келмес. Себебі, осы саммитте 55 мүшеден тұратын Африка одағы G20-ның тұрақты бір мүшесі ретінде қабылданды. Бұл қалайда осы диалог алаңы­ның ауқымын сақтап қалуға, әрі консунс ор­талығы етуге деген үмітті арттыра түскендей болды.

Шын мәнінде, ешкімнің шымбайына ти­мейтін бір ортақ пікірге келісім ұсыну үлкен диалог алаңында оңай жүзеге аса бермесі анық. Себебі, әлемнің экономикалық алға ілгерлеуінде осы топ 20 мүшелерінің қай- қайсысы да белгілі деңгейде салымға ие. Олардың ұстанымындағы, көзқарасындағы алшақтық барған сайын ұлғайып бара жатқа­ны тағы бар. Рейтер агенттігі жиынның соң­ғы күні өзінің дереккөздеріне сілтеп, ортақ декларация талқылау соңғы минуттарға дейін қызу жүргенін жазды. Осының өзінен де көп нәрсені аңғаруға болады. Бұдан біз ірі ойыншылар үлкен диалог алаңдарын өз мүд­десіне бейімдеуге күш салып жатқанын бай­қаймыз.

«Аlmaty-akshamy» №108, 12 қыркүйек, 2023 жыл