Қазақстанда бір аптада 3 мыңға жуық қылмыс жасалған

Қазақстанда бір аптада 3 мыңға жуық қылмыс жасалған
Сурет: Stv.ru

Оның 1 851-і тәулік ішінде ашылды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек бір апта ішінде республика аумағында 2 941 қылмыс жасалғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Оның 1 851-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 9 кісі өлтіруді, 1 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 54 тонау және 457 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді министрлік баспасөз қызметінің өкілі.

Сонымен қатар Шұғыла Тұрлыбек жыл сайын көлік апатынан екі мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңға жуық азамат жарақат алатындығын атап өтті. «Сергек» камерасының бұл қауіптерді азайту бағытында қолданылу жайына тоқталды.

«Тараптар жол қауіпсіздігі мен жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды анықтау және түрлі қылмыстарды ашуда бейнетіркеу камераларының тиімділігін талқылады. «Сергек» жүйесінің келесідей ерекшеліктері бар: жылдамдықты оптикалық анықтау, машиналарды іздеу, тәуліктік бейнебақылау, бейнежазбаларды сақтау және талдау, құқықбұзушылықтарды анықтау, басқа камералармен және мемлекеттік жүйелермен байланыс. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында және «Сергек» камераларының көмегімен жол-көлік апатынан болатын өлім-жітім мен қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі айтарлықтай азайды», - деді ол.