21- ғасыр дерті

21- ғасыр дерті
Сурет: Aif.ru

Қазақстанда 12 мыңнан астам бала  аутизмге ұшыраған. Соңғы уақытта «Цифрлық аутизм» деген «сырқат» пайда болды.

Әлемде бұл дерт жайлы айтылып жүргеніне 10 жылдай болған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Мұндай балалар сөйлей алмайды, ойын жеткізе алмайды. Тіпті, қатарларымен ойнай да алмайды.

«Осыдан 15 жыл бұрын бұндай дүниені мүлдем естіген жоқпыз. Біз студент кезде іс-тәжірибеден өткен кезде мұндай балалар ды біз көрмейтін де едік. Тек Астана емес бізде бүкіл Қазақстан бойынша келеді күніне 70-75 бала келеді. Өзі тұрақты келіп отыратын балалар», - дейді психолог, логопед Бақытгүл Насеридинқызы.

Мамандар мұның себебін телефон, планшет секілді гаджеттерден көреді.

«Виртуалды өтіп кеткен балалар оларда физиологиялық тұрғыда көруі нашарлайды, дене тұрғысы дұрыс қалыптаспайды. Бала дайын нәрсені көріп отырады. Ойланбайды. Ойланбағаннан кейін оларда логикалық ойлау, аналитикалық ойлау бұлардың бәрі дамымайды. Адамдарды бірте-бірте түкбілместікке алып келеді», - дейді психология ғылымдарының докторы, профессор Балабек Сақтағанов.

Осыдан 5 жыл бұрын АҚШ Үкіметі бір қызық эксперимент бастаған. Оған елдің әр түкпірінен 9-10 жас шамасындағы 11 мың бала қатысады. Ұлттық денсаулық институтының ғалымдары осылайша гаджеттердің жас ағзаға зиянын анықтағысы келеді.

Құны 300 миллион доллар болатын сынақ 10 жылға жоспарланған. Әзірге белгілісі мынау: 4500 баланы тексерген. Сөйтсе, 7 сағаттан артық телефонға телмірген жасөспірімнің ми қыртысы жұқарған. Әдетте бұл егде жастағы адамдарда болатын құбылыс.

Цифрлық аутизм ағылшын тілінде «virtual autism» деп келеді. Бұл термин 2013 жылы пайда болды. 10 жылға жуық аутист балалармен жұмыс істеген румын психологы Мариус Теадор Замфир алғаш қолданған. Кейін Франция, Жапония, АҚШ, Тайланд, Тунис дәрігерлері де румын маманына ұқсас пікір білдіреді. Яғни тәулігіне 4 сағаттан артық телефон қараған баланың бойында аутизмнің белгілері пайда болады дейді.

Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Цифрлық аутизм» деген дертті растамаған. Мұндай сырқатты Аурулардың халықаралық тізімінен де таппайсыз.

«Цифрлық аутизм» терминінің шығу төркіні де осында дейді мамандар. Яғни сипаттамасы шынайы аутизмнің белгілеріне ұқсайды.

- Бала ата-анамен тактилді байланысқа түспейді;

- Үш жасқа дейін сөйлемейді;

- Жалғыздықты жақсы көреді;

- Қоршаған ортамен байланысудан бас тартады;

- Оғаш қимылдар жасайды;

«Бала дүниеге келгеннен кейін 3 жасқа дейін ойлауы дамиды, сөйлеуі дамиды. Бала сұрақ қойғысы келеді, сөйлегісі келеді. Бірақ оған жауап беретін тек қана телевизор, телефон», - дейді психолог,логопед Бақытгүл Насеридинқызы.

Ата-ана көбіне баласы үш жасқа жеткенде барып дабыл қағады. «Тілі кеш шықты, атын атасаң қарамайды» деп шағымданады дейді логопед маман. Егер бала үш жасқа дейін телефонмен өссе, ол адамның үніне емес, гаджеттердің дыбысына ғана машықтанады екен.

«Үш жасқа келген балалар көбісі анық емес тілдері. Өздерінің аттарын да нақты дұрыс айта алмайды. Балаларды бақылап отырсаңыз, бір-бірімен тіл табысып ойнай алмайды. Өйткені олар үйінде оны істемейді», - дейді «Қарлығаш» балабақшасының қазақ тілі пәні мұғалімі Баянгүл Әлиева.

Алайда дәрігерлер үш жасқа дейін бала сөйлеуді, жүруді, қарым-қатынасты үйренсе жеткілікті дейді. Ал әлеуметтік желідегі артық ақпаратпен жас миды толтырудың салдары ауыр екенін айтады.

«Бала көп уақыт сол жерде өткізгендіктен ол балада организмде дофомин дейтін нейромедиатор бөлінеді. Ақпаратты қабылдағанда содан баларақат алады . Сөйтіп ол әдетке айналады, әдет тәуелділікке алып келеді», - дейді невролог Әсел Аралбаева.

Ата-аналардың басым көпшілігі уақыттың тығыздығынан телефон беруге мәжбүрміз деп ақталады. Бірақ бұл қоғамда қалыптасқан таптаурын түсінік дейді психолог Балабек Сақтағанов. Әрі ересектердің өзінде телефонға тәуелділік бары жасырын емес.

«Соңғы 3-4 жылда өте көп келеді ата-аналар. Балаларды алып. 15 жастағы балалар, 14 жастағы балалар, 8 жасар балалар. Бір өзі қалуға қорқады, адамдармен араласпайды. Тамаққа аппетиті жоқ.Егер осындай сипаттағы балалармен дер уағында жұмыс істемесе...», - дейді психология ғылымдарының докторы, профессор Балабек Сақтағанов.

«Ол балаларда ересек болғанда фрустрация пайда болады. Фрустрация деген ол іштей өз-өзіне ренжу, іштей айналадағы қоғамға ренжу. Егер ол фрустрация жалғаса беретін болса, бала стресске түседі, стресс дер уақытында анықталып емделмесе, депрессияға әкеледі. Депрессияның аяғы қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады», - дейді психология ғылымдарының докторы, профессор Балабек Сақтағанов.

Қытай мектептері 1 сыныптан мектеп бітіргенше шейін балаға телефон ұстатпайды. Ұстаздары жинап алады. Ата-ана да мейлінше баланың бос уақыты қалмауын қадағалауға тырысады.

«Алғашқы жылдары балада 2-3 жасқа дейін гаджеттерді тежеу керек. Тіпті көрсетпеу керек. Одан кейін 5 жасқа толған кезде келісімге келіп смартфонды күніне 3 мезгіл 15 минуттан беруге болады», - дейді невролог Әсел Аралбаеа.

Тағы бір кеңес: ұйықтардан 1 сағат бұрын мүлдем гаджет қарамаған абзал. Себебі әртүрлі сигналдар баланың сенсорлық жүйесін қоздырып, ұйқысын бұзады. Жалпы, баланың қолынан телефонды тартып алып қою мәселенің шешімі емес. Мұндай әрекеттен олардың мінез-құлқы бұзылады. Қазіргі уақытта үлкен қалаларда қай мектептерде болса да көптеген тегін үйірмелер бар.

Момын баланы футбол, волейбол, баскетбол секілді командалық үйірмелерге берген жөн. Ал, гипербелсенді бүлдіршіндерді миды тынықтыратын шахмат, суда жүзуге қатыстырса болады. Баланың энергиясын дұрыс бағытқа жұмсауды үйрену керек дейді психологтар. Тағы да мамандардың кеңесіне жүгінсек, ата-ананың баламен өткізген уақытының көлемінен бұрын, сапасы маңызды. Әрі кез келген жастағы адамға ең керегі тек махаббат пен мейірім екенін естен шығармаған жөн.