Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны артады

Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны артады
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим күшіне енді. Елдер арасындағы тасымалға сұраныстың күтілетін өсуін қанағаттандыру үшін Көлік министрлігі әуекомпаниялармен бірлесіп, рейстер санын ұлғайтуды жоспарлайды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, Air Astana әуекомпаниясы 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы маусымда жолаушылар ағынының өсуіне қарай Алматы – Бейжің (аптасына 6 – дан 7 – ге дейін), Астана - Бейжің (аптасына 1-ден 3-ке дейін) және Алматы - Үрімші (аптасына 2-ден 7 рейске дейін) бағыттары бойынша рейстер санын көбейтуді жоспарлап отыр .

Сонымен қатар, келесі жылы Air Astana Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду сияқты Қытай қалаларына жаңа бағыттар ашуды жоспарлап отыр.

"Сонымен қатар, қытайлық Air LOGISTICS жүк әуекомпаниясы осы жылдың қарашасынан бастап Алматы – Сиань бағыты бойынша тұрақты жүк рейстерін іске қосуды жоспарлап отыр", - делінген ААК хабарламасында.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында аптасына жолаушыларға арналған 27 тұрақты рейс (қазақстандық 11 рейс және қытайлық 16 рейс) орындалады:

  • Алматы - Бейжің (Air Astana - аптасына 6 рейс);
  • Астана - Бейжің(Air Astana - 1 рейс);
  • Астана - Үрімші (Fly Arystan - 2 рейс, China Southern Airlines - 2 рейс);
  • Алматы - Үрімші (Air Astana - 2 рейс, China Southern Airlines - 7 рейс);
  • Алматы - Сиань (China Southern Airlines - 2 рейс);
  • Астана - Сиань - Бейжің (Air China - 2 рейс);
  • Алматы - Ханчжоу (Loong Airlines - 3 рейс).

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Қазақстан мен Қытайдың авиациялық билігі арасындағы уағдаластықтарға сәйкес, екі елдің тағайындалған әуетасымалдаушыларына аптасына 84 рейсті орындауға рұқсат етілген.

"Қазақстанның әуекомпаниялары үшін рұқсат етілген пунктер: Бейжің, Үрімші, Шанхай, Санья, Сиань, Чэнду, Хайкоу. Қытай әуекомпаниялары үшін рұқсат етілген пунктер: Астана, Алматы, Қарағанды, Өскемен, Қызылорда, Шымкент және қытай тарапының таңдауы бойынша тағы бір қала", - деп толықтырды ААК.