Ресейлік мамандар алматылық дәрігерлермен тәжірибе алмасып, шеберліктерімен бөлісті

Ресейлік мамандар алматылық дәрігерлермен тәжірибе алмасып, шеберліктерімен бөлісті
Сурет: Gov.kz

Алматы қаласы «Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы» базасында Алматы қаласын дамыту бағдарламасының Жол картасына сәйкес, «AYALA» қайырымдылық қорының жетекшілігімен РФ еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, РФ Денсаулық сақтау министрлігінің Солтүстік-Батыс федералдық округі бойынша бас акушер-гинекологы, Д.О.Отт атындағы АГжР ҒЗИ бас ғылыми қызметкері, Санкт-Петербург қаласы №17 перзентханасының бас дәрігері Михайлов Антон Валерьевич Алматы қаласының акушер-гинекологтары, ультрадыбыстық дәрігерлері үшін акушерлік және перинатологияның өзекті мәселелері бойынша бірегей және танымдық шеберлік сабағын өткізді.

Іс-шараны ашқан Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Иманғалиева Назгүл Мелисқызы  ана мен бала денсаулығы еліміздің болашақ әлеуетінің негізін құрайтынын атап өтті. Сондықтан ана мен бала денсаулығын сақтау, туу көрсеткішін арттыру, сондай-ақ ана мен бала өлімін азайту еліміздің мемлекеттік саясатының ең маңызды бағыты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қаланы дамытудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру аясында дәрігерлер жақын және алыс шетелде үздіксіз білім алып жатыр, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін халықаралық озық тәжірибені енгізіп отыр. Аталған шеберлік сыныбы Алматы қаласындағы акушерлік, гинекология және балаларға қызмет көрсетуді одан әрі жақсартуға құнды үлес қосады.

«Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Нұрланова Гүлнар Қазтайқызы: «Орталық 13 жыл бойы жүкті әйелдерге, босанатын әйелдерге, жаңа туған нәрестелер мен туа біткен жүрек ақауы бар балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Орталық Италия, Израиль, Корея және Ресейдің жетекші клиникаларымен жұмыс істейді, қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін түрлі елден келген дәрігерлердің қатысуымен көптеген шеберлік сабағы өткізіледі.
Орталықта 2022 жылы 8206 бала дүниеге келді, оның 840-ы шала туды. Ұрықтың туа біткен ақауын дер кезінде диагностикалау мақсатында 2022 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында ұрықтың күтімі орталығы құрылды. Пренатальды диагностика ерте араласудың бірінші кезеңі болып табылады. Екінші кезеңде қалалық әкімдік пен «AYALA» қайырымдылық қорының қолдауымен Орталықта нәресте мен бала өлімі мен мүгедектік деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін ұрықта анықталған туа біткен ақауды құрсақішілік түзету үшін ұрық хирургиясын енгізу жоспарланған. Сондай-ақ 3-кезеңде балада туғаннан кейінгі ауытқуды түзету үшін неонатальды хирургияны ұйымдастыру және енгізу жоспарланған», - деп атап өтті.

Арнайы шақырылған қонақтардың қатарында Өзбекстан Республикасынан Бұхара мемлекеттік медицина институтының акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі Ихтиярова Гүлчехра Ақмалқызы мен акушер-гинекологтар болды.

Акушерлік және перинатология саласындағы сарапшы, профессор А.В. Михайлов жүктілік және босану кезіндегі ұрықтың жағдайын бағалаудың заманауи әдістерімен таныстырды, ананың Rh-факторы бойынша изоиммунизация салдарынан ұрықтың және жаңа туған нәрестенің гемолитикалық ауруы мәселелерін талқылады, ауруды емдеудің заманауи әдістеріне тоқталды. Баяндаманың үлкен блогы көп жүктілікке, оның асқынуына, диагностикалық әдістерге және ықтимал түзетулерге, соның ішінде ұрықтың хирургиясына арналған.
Шеберлік сыныбының тәжірибелік бөлімінде дәрігерлер клиникалық мысалды талдады. Егіз бен үшемге жүкті әйелдер заманауи сараптамалық УДЗ аппараты арқылы ультрадыбыстық диагностикалық әдіспен қаралды. Акушер-гинекологтар ультрадыбыстық дәрігерлермен бірге осы науқастарды емдеудің тактикасы және ауруханаға жатқызу мерзімін талқылады. Одан кейін профессор перзентханада босанған әйелді ультрадыбыстық зерттеуден өткізіп, дәрігерлердің ұжымдық жұмыс принципінің маңыздылығына тоқтады, босанудағы заманауи тәсілдер, жаңа технологиялар, соның ішінде босану кезіндегі ультрадыбыстық навигациямен бөлісті. Ұрықтың туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларының пренаталдық диагностикасы саласындағы ғылыми зерттеулер де қамтылды. Акушер-гинекологтар акушериядағы төтенше жағдайда көмек көрсету тәжірибесімен бөлісті.
Шеберлік сыныбының тақырыбы акушерлік және перинатологиядағы күрделі мәселелерге, соның ішінде тиімді перинаталдық технологияларды қолдану арқылы заманауи диагностика мен емдеуге арналды.

Шеберлік сыныбына қатысушылар оның жоғары ұйымдастырылғанын, ақпаратты тамаша ұсынуды, лектордың жеке қасиеттерін және аудиториямен жақсы қарым-қатынасын атап өтті.

«Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының» ұжымы Алматы қаласы әкімдігіне, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына, «AYALA» қайырымдылық қорына және жеке РФ еңбек сіңірген дәрігері, профессор Михайлов Антон Валерьевичке баға жетпес білімі үшін алғыс білдіреді.
Сапар барысында профессор Михайлов Антон Валерьевич Алматы қаласы «Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының» жұмысы мен жабдықталуын жоғары бағалап, акушер-гинекологтар мен ультрадыбыстық диагностика мамандарының кәсіби деңгейінің жоғары екенін атап өтті.

Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында тұрақты түрде акушерлік, перинатология, балалар кардиохирургиясы саласындағы әлемге әйгілі мамандардың қатысуымен түрлі шеберлік сабағы мен тренингтер өткізіліп тұрады. Жоғары білікті мамандардың қатысуымен өтетін мұндай іс-шаралар қаланың босандыру қызметін одан әрі жақсартуға септігін тигізеді.