Медеу ауданында 4 мыңға жуық оқушы орны тапшы

Медеу ауданында 4 мыңға жуық оқушы орны тапшы
Сурет: Adyrna.kz

 Орын тапшылығын төмендету мақсатында қазіргі уақытта жұмыстар қолға алынған.

Алматы әкімі Ерболат Досаетың Медеу ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде білім беру нысандарындағы орын жетіспеушілігі мәселесі сөз болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қала басшысының айтуынша, №48 мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жүргізілуде, ол аяқталғаннан кейін 210 жаңа оқушы орны ашылады. Жұмыстар ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін аяқталады.

«№131 мектеп-лицейінің аумағында сейсмикалық күшейтумен қоса күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жұмыстарды 2023 жылдың III тоқсанында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, №131, №35 және №99 мектептер бойынша 2023 жылдың II тоқсанында 800 жаңа орынға арналған үш қосымша құрылыс салуға жобалау-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу аяқталады. Оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесі "Думан" ықшамауданында да шешілетін болады, онда 1200 орындық жаңа мектеп салынады. Құрылыс жұмыстарын бастау 2023 жылдың ІІ тоқсанына жоспарланған», - дейді қала әкімі Ерболат Досаев.

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде орын тапшылығын төмендету үшін биылғы жылы №114, №116 және №141 мемлекеттік балабақшаларда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, онда жаңа 135 орын ашылды.

  Сонымен қатар, биыл 400 орындық 2 жекеменшік балабақша коммуналдық меншікке қайтарылды. Олардың бірі - "Әйгерім" балабақшасы (280 орын) мемлекеттік бағдарлама аясында өз жұмысын бастады. Екінші  «Ақмарал» балабақшасы (120 орын) биылғы жылдың соңына дейін ашылады.

Бұдан басқа, биыл қосымша 457 орынды құрайтын 10 жаңа жекеменшік балабақша ашылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін 250 орындық тағы бір жекеменшік балабақша ашу жоспарланып отыр.