Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы рейстер саны артуда

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы рейстер саны артуда
ics-couriers.com

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында қатынайтын рейстер саны артты, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

«Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің авиациялық биліктері арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 15-17 қаңтардағы БАӘ–ге сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы рейстер саны артуда», - делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осылайша, авиатасымалдардың қолжетімділігі және авиабилеттер құнын төмендету мақсатында 22 қаңтардан бастап «Wizz Air Abu Dhabi» лоукост әуе компаниясы Абу-Даби және Алматы қалалары арасындағы рейстер санын аптасына 3-тен 4-ке дейін (сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі) арттырды. Ұшулар Airbus A320/A321 типті әуе кемелерінде орындалады.

Сондай-ақ, «Fly Dubai» әуе компаниясы 26 қаңтардан бастап Дубай – Астана бағыты бойынша рейстер санын аптасына 10-нан 14-ке дейін және 28 қаңтардан бастап Дубай-Алматы бағыты бойынша аптасына 10-нан 14-ке дейін арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 28 ақпаннан бастап «Fly Dubai» әуе компаниясы аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі, сенбі) Шымкент-Дубай бағыты бойынша рейстерді қайта бастауды жоспарлап отыр. «Fly Dubai» әуе компаниясының ұшулары Б-737 үлгісіндегі әуе кемелерінде орындалады.

Рейстер санының артуы екі ел арасындағы туристік, іскерлік және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өту маңызды.