Қазақ-өзбек шекарасында өнеркәсіптік кооперация құрылмақ

Қазақ-өзбек шекарасында өнеркәсіптік кооперация құрылмақ
Сурет: 24.kz

Аталған орталықты «Атамекен» кеден бекеті мен «Сырдария» кеден бекетінің маңынан құру туралы ұсыныстар қаралды. 

Қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, орталықты құруға таңдалған жер телімдерімен танысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы көліктік инфрақұрылымның жай-күйі туралы баяндап, жоспарлармен таныстырды.

Аудан әкімі Бақыт Асанов «Атамекен» кедендік бекетінің маңындағы 50 гектар жер туралы айтып өтіп, аталған жерге электр, газ, ауыз су жүйелерін жеткізу бойынша да баяндады. Сонымен қатар көліктік инфрақұрылымның жай-күйі, туындап жатқан мәселелер жайлы да кеңінен мәлімдеді. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын «Сырдария» шекара өткізу бекетінен құру ыңғайлырақ екенін түсіндірді. Өйткені, бұл жерден М-39 «Ташкент-Термез» халықаралық автомобиль жолы өтеді сондай-ақ тиісті инфрақұрылымдарды тарта отырып өнеркәсіптік және сауда-саттық орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын көбейтуге жол ашылмақ.

Вице-министрге 2023-2024 жылдары жоспарланып отырған «Атамекен» кеден бекетін модернизациялауға жұмсалатын қаржыны «Сырдария» кеден бекетіне бағыттау, «Мақтаарал-Дарбаза» темір жолын Атамекен кеден бекетінен «Сырдария» шекара өткізу бекетіне дейін тартуға ықпал ету жөнінде ұсыныс берілді.

Жиын соңында вице-министр жағдаймен толық танысып, аладғы уақытта айтылған ұсыныстарды сараптайтынын жеткізді. Сондай-ақ аудандағы теміржол жүйесінің жай-күйімен танысып, инфрақұрылымды жақсартуға қолдау болатынын жеткізді. Жергілікті атқарушы органдарға осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу тапсырылды.