Қазақ мұнайы және әлем

Қазақ мұнайы және әлем
almaty-akshamy.kz

 Бізге зиянын тигізер мәселе бар...

Биылдың соңына дейін Украина өзінің заңды аумағы – Қырым түбегін қайтарып алуға бар күшін салмақ. Ресей де қарап қалмасы анық. Бұл дегеніміз – Қара теңіз акваториясының Украина (Қырым) мен Ресей жағалауы (Краснодар өлкесі) кемелер мен танкерлер үшін біршама уақытқа жабылуы мүмкін. Қазақстан өз мұнайын Қырымға тиіп тұрған Новороссийск портына құбырмен алып келіп, ары қарай Қара теңізбен келетін танкерлерге құйып, Жерорта теңізінің жағалауындағы Италия мен Франция порттарына жіберетін. Текетірес болып жатқан аймаққа танкер бармасы белгілі. Біз тек бір нәрсені білмейміз. Қара теңіздегі әскери кемелердің қатысуымен өтетін белсенді қақтығыс фазасы қашан басталады және қашан аяқталады?

ТАНКЕРСІЗ ӨМІР ӨМІР МЕ?

2022 жылы Қазақстан 84,2 мил­лион тонна мұнай өндірді. Оның ішінен 64,3 миллион тонна экс­портқа жіберілді. Экспортқа жі­берілген мұнайдың 80 пайыздан астамы КТК жүйесі арқылы тасы­малданды. Былтыр түрлі саяси ойындардың қырсығынан КТК біршама тұралап қалған болатын. Бірақ соған қарамастан, ол мұнай тасымалы бойынша алдын ала бекітілген жоспарын орындай алды. Сонда біз шамамен 52 мил­лион тонна мұнайды КТК арқылы жібердік. 8,4 миллион тонна мұ­найды Атырау–Самара құбыры ар­қылы Балтық жағалауындағы порт­тарға экспорттадық. 1,2 миллион тонна мұнай Қытайға кетті. Қал­ғандары Ақтау, Құрық порттары арқылы Каспийдегі танкерлерге тиеліп, Махачкала, Батуми, Баку (Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры­на) терминалдарына барған.

Биыл біз 90,5 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз. Оның 71 миллион тоннасын экс­порттаймыз деп бекіндік. Осы жыл­дың жартысында КТК құбыры ар­ қылы 32,2 миллион тонна мұнай экспортталып үлгерді. КТК басшы­лығы биылғы жылдың қуаты тек 61 миллион тонна мұнай өткізуге же­теді деп отыр. Шілде мен қыркүйек аралығында тағы 15 миллион тонна мұнай жіберіп үлгерсек және қазан­да әскери маневрлар басталса, шама­мен 13,8 миллион тонна мұнай бо­йынша қиналып қалуымыз мүмкін.

ДОЛЛАРМЕН СӨЙЛЕСЕК

2022 жылы мұнай экспортынан 46,8 миллиард доллар келген бола­тын. Одан біздің Ұлттық қорға са­лық (КПН, НДПИ, СРП) түрінде 13,8 миллиард доллар аударылды. Қалған 33 миллиард долларды бізде мұнай өндіретін шетелдік алпауыт компаниялар қалталарына басты. 2022 жылғы бағалар ауытқымаса және біз бір тоннадан 214,6 доллар кіріс алып келгенімізді ескерсек, Қырым түбегіндегі қақтығыстан 3 миллиард доллар жоғалту қаупі бар. Қазақстан 2022 жылы өзінің жалпы саны 2,2 миллионға жуық барлық зейнеткерлеріне зейнетақы төлеуге 6,3 миллиард доллар жұмса­ған. Соның тең жартысына парапар қаржыға тықыр таянды.

КЕДЕЙДІҢ КЕРБЕЗІНЕН САҚТА

Кезінде 1998 жылы Баку–Тби­лиси–Жейхан құбырының құрылы­сы бойынша ғасыр келісіміне қол қойылған болатын. Келісім бойын­ша біздің мемлекет құрылтайшылар қатарына кіріп, жобаға қаржы салуы тиіс еді. Және осы құбырды толты­ру үшін мұнайын экспорттау керек болды. Бірақ артынан біздің ел бас­шылығы Ресейдің сөзіне еріп, уә­десінен тайқып кетті.

«Біз Баку–Тбилиси–Жейхан емес, КТК құбырының қуатын арт­тырамыз» деп, 5,4 миллиард дол­ларды Новороссийскіге салдық. Сол кезде, марқұм Гейдар Әлиевтің қат­ты ренжігені бар. Артынан, 2010– 2013 жылдар аралығында Баку– Тбилиси–Жейхан құбырының операторы «мұнайды біз арқылы экспорттаңдар» деп біршама қолқа салып жүрді. Біз сол кезде, өз бақы­тымызды басқа тепкен едік. Бізден күдер үзгеннен кейін, олар Шах- Теңіз кенішін игеріп, сол мұнаймен- ақ құбырларын толтырып алды.

Ал енді, Ресей санкцияға ұшы­рағаннан кейін, кезінде менсінбей қойған Баку–Тбилиси–Жейханға басымыз салбырап бардық. Олар жағдайды түсініп, жылына 1,5 мил­лион тонна мұнай экспортына орын беріп отыр. Қалған орындар бос емес. Кезінде қимылдау керек еді.

КТК жылына 61 миллион тон­на, ал БТД 50 миллион тонна мұнай өткізе алады. Қуаттары шамалас. Тек БТД енді Әзербайжанның негізгі экспорттық құбырына айна­лып отыр. Оны Баку Астанамен бөлісе қоймайтыны анық

«Аlmaty-akshamу», №96, 12 тамыз, 2023 жыл