Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін бе?..

Қайрат Сатыбалды мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін бе?..
almaty-akshamy.kz

Экс Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының жазасын жеңілдетуді сұрауға құқығы бар. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

«Теориялық тұрғыдан заң шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығару, жазасын жеңілдету сияқты шараларды қолдану мүмкіндігін қарастырады. Заңда белгілі бір талаптар бар. Ол үшін (жазаның) қандай да бір мерзімі өтелуі қажет немесе іс-әрекеттен келген залалды өтеуі керек. Содан кейін оның мінездемесі, бас бостандығынан айыру орны берген мінез-құлқына берген сипаттамасы және тағы басқа осыған ұқсас жағдайлар ескеріледі. Шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаны ауыстыруды талап ету – бұл сотталған адамның құқы. Сот бұдан бас тартуға немесе талапты қанағаттандыруға құқылы. Сотталған адамның сотқа жүгінуге құқы бар. Алайда сот оны (түзету мекемесінен) шығаруға міндетті емес. Тіпті, (сотталған адамның) жазасын өтеу мерзімі жақындаса да, ол түзу жолға түспесе, сот бұл талапты орындаудан бас тартуы мүмкін», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Еске салсақ 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын.