Қастеев ізбасарларының картиналары «Мұрагер» көрмесінде

Қастеев ізбасарларының картиналары «Мұрагер» көрмесінде
Almaty-akshamy.kz

Алматы музейінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеті студенттері мен магистранттарының бірлескен «Мұрагер» атты шығармашылық көрмесі ашылды. Экспозицияда 70-тен астам кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер туындылары ұсынылды.

«Мұрагер» Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналды. Өнері өміршең біртуар тұлға Ә.Қастеев – артынан өшпес мұра қалдырған, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалап кеткен шебер суретші. 

Ал бүгінгі көрмеге қатысып отырған жастар сол көркем мәдени мектептің қалыптасып дамуына үлес қосқан отандық бейнелеу өнеріндегі жарқын тұлғалардың шеберханаларынан дәріс алған дарынды шәкірттер. Оларды жаңа заман өнерінің бет-бейнесін қалыптастырушы жас буын өкілдері, Ұлттық мектептің жас мұрагерлері деп әспеттесек те артық емес.

Аталмыш көрмеде жас қылқалам шеберлерінің көрмеде кескіндеме, графика, мүсін, көркем витраж және сәндік-қолданбалы өнер түрлерінде орындалған үздік деп танылған шығармалары ұсынылды. Алуан тақырыпты мың сан бояумен «сөйлеткен» туындылар көз қуантады. Жастардың шығармалары Алматы музейінің төрінде 14 сәуірге дейін тұрады.