Оқу-ағарту министрлігі Аружан Саинның әлеуметтік желідегі сынына жауап берді

Оқу-ағарту министрлігі Аружан Саинның әлеуметтік желідегі сынына жауап берді
Сурет: Turkystan.kz

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның әлеуметтік желідегі сынына жауап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің реформаларды жүзеге асыруға қатысты үндеуіне орай мынаны түсіндіргіміз келеді. Барлық мемлекеттік орган Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тұрақты өзара іс-қимылда жұмыс істейді. Үкімет, әлеуметтік блок министрі деңгейінде жүйелі негізде жұмыс кеңесі өткізіліп, барлық өзекті мәселе бойынша шаралар қабылданып жатыр. Ғаламтордағы заңға қайшы контентке қарсы тұру, мектеп психологтарының қызметін оңтайландыру үшін жаңа стандарттар енгізілді. Психологиялық қызмет трансформациялануда. Инклюзивті білім беру туралы заңнамаға өзгертулер енгізілді. Мектептерде педагогикалық көмекшілер штаты енгізілді. Қазірдің өзінде 1500-ден астам қызметкер ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды (ПМКП) ашу нормативі қысқартылды. Бұл ауруларды ерте анықтау үшін өңірлерде тағы 40 ПМПК ашуға мүмкіндік береді. Ұлттық мониторинг құралы ретінде алғаш рет балалардың әл-ауқат индексі енгізілді», деп атап өтеді комитет Facebook парақшасында жариялаған жауабында.

Сондай-ақ, ведомство мәліметінше, биыл алғаш рет ауылдағы балаларды қауіпсіз тасымалдау үшін 515 жаңа автобус сатып алынып жатыр. Колледждерде білім алуға берілетін гранттар саны бір жылда 45 мың орынға, ал жоғары оқу орындарында 15 мың орынға ұлғайтылды. Оқушыларды тегін тамақпен, мектеп формасымен қамтамасыз ету жөніндегі бастамалар кезең-кезеңімен шешілуде. Жыл ішінде бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту 10 пайызға артты.

Қазірдің өзінде 1-11 сыныптар аралығындағы жекелеген санаттағы 475 000 оқушы жергілікті бюджет есебінен бір жолғы ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Мұнан бөлек, әлеуметтік осал азаматтар санатына кірмейтін студенттердің басқа санаттарын ыстық тамақпен қамту кезең-кезеңімен ұлғайып келеді. 6 облыста 1-4 сынып оқушыларының барлығына және тағы 2 өңірде 1-сынып оқушылары, ал жаңа оқу жылынан бастап Алматы қаласының 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Жалпы, бүгінде 1-4 сынып оқушыларының 41 пайызы ыстық тамақпен қамтылған. Балалар үйлерін деинституционализациялау жұмысы жалғасып жатыр. Егер 2010 жылы 14 мың бала тәрбиеленетін 210 балалар үйі болса, 2022 жылға қарай олардың саны 96 болады. Оларда 4 мың бала тәлім алуда. Кәсіби патронаттық отбасылар институты заңмен енгізілген. Балаларға қосымша білім беруді дамыту мәселесінде 1500-ден астам оқушылар сарайында, өнер және музыка мектептерінде, өнер мектептерінде және басқа да ұйымдарда 1,4 миллион оқушы қамтылған. Сонымен қатар, жақында балаларды қосымша секциялармен және үйірмелермен қамтудың екі қосымша құралы іске қосылды: білім беру саласында мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру (робототехника, ғылыми, IT, тіл курстары және т.б.) және спорттық-шығармашылық тапсырыстар (артспорт: би, спорт, өнер, театр және басқа секциялар мен үйірмелер).

Балалар жылын жүзеге асырудың бар болғаны 6 айында өңірлерде балаларға арналған 265 нысан ашылды: аутисттерді оңалту орталықтары, оқушылар сарайлары, қосымша білім беру орталықтары, спорт және туристік нысандар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және тағы басқалары бар.

«Қабылданған шаралардың, тәрбие жұмысын күшейтудің, қосымша біліммен қамтуды арттырудың арқасында балалардың суицид және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіштері төмендеп келеді. 2022 жылдың 6 айында балалардың суицид көрсеткіші 38 пайызға азайды. Дегенмен, бұл әлі де үлкен мәселе болып қала береді. 2021 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі де 18,4 пайызға төмендеді. Сонымен қатар, ересектердің балаларға қарсы қылмыс жасауы күрделі мәселе болып отыр: 2021 жылдың қорытындысында олардың саны 15 пайызға өсті. Балалардың құқықтарын қорғауға қатысты барлық мәселе тұрақты бақылауда. Әлі де түйткілді мәселе бар және оны бірге шешеміз», - деп атап өтеді комитеттен.