Қаржылық сауаттылықты арттырайық: Алматыда мамандар студенттерге дәріс оқыды

Қаржылық сауаттылықты арттырайық: Алматыда мамандар студенттерге дәріс оқыды
Сурет: Almaty.tv

Белсенді топ жастарға бірден байып кету мүмкін еместігін айтты

Қаржылық сауаттылықты арттырайық! Алматыда прокурорлар, қаржыгерлер және қоғам белсенділері бірігіп студенттерге осындай тақырыпта дәріс оқыды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Өйткені соңғы уақытта айлакерлердің құрған қақпанына жастар тұрмақ, ақыл тоқтатқан ересектер де түсіп жатыр.  Мәселен, биыл бір ғана Бостандық ауданында алаяқтық бабы бойынша 1300-ге жуық қылмыстық іс қозғалыпты. Оның 215 іc - интернет арқылы алданғандар.

«Бостандық ауданында орналасқан ЖОО-ны аралап шығамыз. Біз жастарға алаяқтардың құрбаны болмас үшін не істеу керектігін түсіндіріп жатырмыз. Алдайтындардың жаңа әдістерінен де хабардар еттік. Студенттер еліміздің түкпір-түкпірінен келеді ғой, көбі біле бермейді, сол үшін заң бұзушылыққа жол бермеу үшін түсіндірме жұмысын жүргіздік», – деді Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Нұржан Қазантаев.

Белсенді топ жастарға бірден байып кету мүмкін еместігін айтты. Олар тек білім мен еңбектің арқасында ғана жетістікке жетуге болатынын түсіндірді. Сондықтан қаржы пирамидалары, микрокредиттік ұйымдарға жоламауға шақырды. Ал бастарына іс түссе оны жақындарына айтып, ақылдасу қажет.

«Балаға ата-анадан жақын адам жоқ. Қандай мәселеге тап болса да, олар ет жақындарымен бөлісе білулері қажет. Алаяқтар бір орында тұрмайды. Күн сайын арбаудың сан түрін ойластырып жатыр. Ол үшін жастар сауатты болу керек. Бұл өз болашақтары үшін аса керек», – деді «Іскер ана» әлеуметтік жобасының жетекшісі Бибінұр Шерәлиева.