Қарулы күштегі қаракөздер

Қарулы күштегі қаракөздер
almaty-akshamy.kz

    Арулар игере алмайтын мамандық жоқ


    Қазір әйелдерді қоғамның кез келген саласынан кезіктіру таңғаларлық жәйт емес. Әлемде әйелдер игере алмайтын мамандық жоққа тән. Нәзік жандылар небір қиын, жанкешті кәсіпте жүр. Солардың бірі – Күштік құрылым саласы. Әуе, теңіз және құрлықта барлаушы, мерген, т.б.  жауынгерлік сапта жүрген қайсар мінезді бұрымдылар жетерлік. Мереке қарсаңында ұзақ жыл әскерде жүрген және кәсіби салаға енді келген қыз-келіншектермен тілдесудің сәті түсті.

    Бірінші кейіпкеріміз – 22 жылдан бері Қазақстанның Қарулы күшінде еңбек етіп жүрген Жанат Николайқызы. 2002 жылы алғашқы әскери шенін алған лейтенант, бүгінде подполковник, С.Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері әскери институтының шет тілдері кафедрасын басқарады. Бес тілді еркін меңгерген оқытушы жаһан талабына айналған ағылшын тілін әскери қызметкерлерге үйретіп келеді.

    Қазір Қазақстан әскерінде 7 мыңға жуық әйел қызмет етеді. Армиядағы қыздар тек медбике, байланысшы және іс жүргізу сияқты жеңіл жұмыстарды істейді деген пікір жойылған. Отан қорғауда ер-азаматтармен қатар жүрген мерген, барлаушы, мотоатқыш, әскери ұшқыш қыздар да бар.  

    Жалпы, әскердің әлеуеті білікті маманнан көрінеді. Қолына қару алып, әскери тактикалардың бәрін жақсы білсе де, Отан қорғаушыға ең керегі – білім мен біліктілік. Болашақ офицерлерді даярлайтын Жанат Николайқызы 2010 жылдан бері құрлық әскерлеріне дәріс беріп келеді. Талай жауынгерді тәрбиелеп шыққан оқу ордасында жалпы 180 әйел оқытушылық қызмет атқарады. Олардың 20-сы қызмет бабындағы офицер-мұғалім болса, 57-сі келісімшартпен, 103 әйел азаматтық қызметкер ретінде жұмыс істейді. 

    Жаһан талабы

    «Қарулы күштегі қызметім 2002 жылы басталды. Сол жылы Алматы қаласында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты (РЭжБӘИИ) құрылып, шет тілдері кафедрасының басшысы болып тағайындалдым. 4 жыл жұмыс істегеннен кейін сол тұста Америкадағы университетте тегін білім алу мүмкіндігі туды. Елге оралып, 2006 жылы магистратура бітіргеннен кейін Шет тілдері әскери институтында алғашқы әскери шенімді алдым. 4 жылдан кейін, 2010 жылы бұл институттың аты өзгеріп, Қорғаныс министрінің әскери институты болды. Бірақ сол жылы оқу орны жабылып, Құрлық әскерлері әскери институтына қосылды. Мұнда да кафедра басшысы болып тағайындалып, содан бері осы оқу ордасында қызмет етіп келе жатырмын», – дейді Жанат Бисенбаева.

    Болашақ офицерлерге білім беруде тәжірибесі мол маман дәл қазақ үшін ағылшын тілін үйрену басқаларға қарағанда жеңілдеу деп санайды. Ол әскери мамандарға шет тілін үйретумен қатар, ауызекі сөйлеуді заманауи педагогика негізінде оқытып жүр. Курсанттардың әскери оқу орнынан алған білімі кейін бітімгершілік миссияның міндетін орындауда септігін тигізеді. Келісімге келіп, өзара тәжірибе алмасуда халықаралық тілдерді білу маңызды. Сондықтан болашақ әскерилерге дәріс беретін оқытушыларға артылатын жүк екі есе ауыр.

    Абайды білмеген офицер «офицер» емес...

    «2005–2015 жылдар аралығында әскери аудармашыларды дайындадым. Бізде тіл үйренемін деушілерге де, азаматтық жоғары оқу орнындағы студенттерге де арналған оқулықтар көп. Бірақ әскери білім алушыларға арналған кітаптар шетел менталитетіне қарай бағытталған. Өзіміздің тарихи кезеңдегі батырларымыз ол оқулыққа енгізілмеген. Болашақ офицерлерге білім беріп, тәрбиелеуде кез келген тілді ұлттық құндылықтарды негізге алып үйреткен жөн деп санаймын. Қазақ батырларының ерлігін ағылшынша да айта алуы керек.

    Институттағы басқа тактиканы үйрететін кафедраларға қарағанда біздің жұмыс сәл жеңілдеу. 20 жылдан аса уақыт жұмыс тәжірибемде сабақты қызықты өткізуге тырысамын. Шет тілді қазақ әдібиетімен байланыстырып үйреткен ұнайды.

    Ағылшын тілін үйренуде көбінің қиналатын тұсы – өткен шақтағы етістіктерді меңгеру.  Бағдарламадағы ең күрделі кезең деуге болады.

    Бірде кезекті дәрісіміздің тақырыбы осы етістіктерді үйрену болды. Курсанттар ережелерді жаттауға қиналып, біразы «2» алды. Сабағымыз Мұқағали Мақатаевтың туған күнімен тұспа-тұс келді де, курсанттарға «ақынның және Абайдың өлеңдерін ағылшын тілінде жатқа айтып берсеңдер, етістіктер санын азайтып, жеңілдік жасаймын» деп тапсырма бердім. Ағылшын сабағы аптасына бір рет қана болатын мамандықтардағы курсанттар Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңін ағылшынша айтып, мені таңқалдырғаны бар. Көп тіл білген жақсы, әрине. Бірақ ұлттық әдебиетті білу міндетті деп санаймын. Болашақ офицерлерге «ой-өрістерің жоғары болуы керек. Сендер Абайды білмесеңдер, гуманизм идеясын қалай жүзеге асырасыңдар?!» деп үнемі айтып жүремін».  

    Жанат Николайқызы Педагогика академиясының академигі, 2013 жылы педагогика және психология ғылымдарының Phd докторы атағын қорғады. 2015 жылы ел бойынша «Үздік оқытушы» атанған. Болашақ мотоатқыштар, десантшылар, аэроұтқыр әскерлері мен тәрбие ісінің офицерлерін дайындайтын оқытушының жолдасы да осы саланың маманы. Екеуі бір әскери институтта  оқытушылық қызмет атқарады. Үлкен ұлы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 1-курста оқиды. Одан кейінгі егіздері де ата-анасының жолын қуып, әскери қызметкер болғысы келеді.

    «Алғашында әскери саладағы  қызмет бәріне қызық болады. Әсіресе, әйел адамдарды погон тағып, сап түзеу ерекше сезімге бөлейді. Басында мұндай жауапты саланың ыстығы мен суығына төзу оңай болмасы анық. Әркім өзінің оң жамбасына келетін, мінезіне сай мамандықты таңдайды ғой. Әскерде ерлермен қатар әскери шендегі әйелдер де қызмет етеді. Тек ер-азаматтар емес, әйелдер де Отан қорғай алуы керек.  Қиын емес жұмыс жоқ. Бірақ таңдаған мамандыққа адалдық болса, қиындықтар біліндейді. Дәріс залына кіріп, курсанттарымды көргенде барлық қиындықты ұмытамын. Бірақ білесіздер, біздің міндет курсантқа білу берумен шектелмейді. Кейде күтпеген жерден дабыл болады. Ондай кезде әскери міндеттер ер-әйел деп бөлінбейді. Офицер болғандықтан, сапқа тұруға міндеттіміз».

    Арманым – полковник болу

    «Біздің өмір сүру салтымызда әскердегі әйелге әртүрлі көзқарас қалыптасқан. Көшеде әскери форма киген аруларға көп адам басқаша қарайды. Үлкен кісілер батасын беріп, жылы тілектерін айтып жатады. Олар әскери киімдегі адамға, ол әйел болсын, ер болсын, өзін қорғайтын тұлға ретінде қарайды. Сондай кезде мәртебең бір көтеріліп қалады, жауапкершілік екі есе артады. Кейінгі кездері біздің салаға келгісі келетін қыздар көбейгені қуантады. Әскерге білімді, қабілеті бар қыздар әлі де керек.

    Қызметімді әрі қарай жалғастырып, алдымда болашақ әскери мамандарды даярлау міндеті тұр. Арманым – полковник болу. Әскери салада жүрген аруларды, әйелдер қауымын мерекемен құттықтаймын! Әрқайсысы өз саласының үздігі болсын!».

    «Өскенде солдат боламын дейтінмін»

    «Әскерде қызмет ету – әйелдің ісі емес» деген қалыптасқан ұғымды бұзған тағы бір аруымыз – Ұлттық ұланның 3656 әскери бөлімі психологиялық қамтамасыз ету кафедрасының басшысы, аға лейтенант Ғалия Мансұрқызы. Оның бұл салаға келгеніне небәрі 4 жыл болса да, өзін әскерде өмір бойы жүргендей сезінеді.  Себебі, ол әскери отбасында дүниеге келген. 

    «Әкем – полковник, ол да Ұлттық ұланда қызмет еткен. Анам прапорщик, Қорғаныс министрлігінде және ҚР Президентінің күзет қызметінде ұзақ жыл жұмыс істеді. Балалық шағымды саптық шеруде, ата-анамның жұмыс орнында өткіздім. Кішкентай кезімде өскенде кім болғым келетінін жиі сұрайтын. Мен «солдат боламын!» деп жауап беретінмін», – дейді Ғалия Мансұрқызы.

    Авиацияда екі жарым жыл жұмыс істеген кейіпкеріміздің қазіргі қызметіне келгеніне бір жыл ғана болыпты. Оның міндеті бірнеше бағыттан тұрады. Ең бастысы – сарбаздардың психикалық денсаулығын қадағалау, жеке құрамды психологиялық дайындау. Яғни әскери құрылымдағы ұландарға психологиялық қолдау көрсетеді.

    «Шындығында, әскери өмірде қызықты оқиғалар жиі болып тұрады. Әсіресе, әскери психологтың жұмысында ойламаған нәрселер жиі кездеседі. Ең есте қалғаны – парашютпен алғаш рет секірген сәтім. Әуедегі күрделі жаттығуда ұшақтан парашютпен секірудің түрлі тәсілдерін үйретеді. Әскери жаттығуға дейін ол психологиялық дайындық пен дағдыны талап етеді. Бірнеше шақырым биіктіктен жерге түсу – жауынгерлік міндеттердің бірі. Әрине, адам болғаннан кейін, қорқыныш басым болды. Бірақ әуеден қарағандағы әдемі көрініс бірден үрейді сейілтеді».

    Ғалияның әскери психолог ретіндегі ендігі мақсаты – сарбаздарды психологиялық дайындаудағы  жүйеге жаңалық енгізу. Қазіргі уақытта «Психология» мамандығы бойынша докторантураға түсуге дайындалып,   әскери авиация мамандарын психологиялық даярлауға қатысты зерттеулер жүргізуді жоспарлап жүр.

    «Басты ұстанымым – Отанымыздың игілігі үшін қызмет ету, оның мүддесі мен қауіпсіздігін қорғау. Мен осы құндылықтармен өстім және өмір бойы да осы міндеттерді абыроймен атқарғым келеді», – дейді Ғалия.