Қарызды өтеу өзекті мәселелердің біріне айналды

Қарызды өтеу өзекті мәселелердің біріне айналды
almaty-akshamy.kz

Бүгінгі таңда қаржылық инфляцияға байланысты қарызды өтеу өзекті мәселелердің біріне айналды. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі қарыз байланысты өз үкімдерін шығарды деп, хабарлайды almaty-akshamy.kz

Біріншіден, егер қарыз алтын, күміс немесе өлшенетін нәрсе болса, құны өзгеруіне қарамастан ұқсасын қайтарады.  

Екіншіден, егер валюта қолданыстан шыққан болса, онда қарызды басқа валютамен немесе алтын, күміспен алған күнінің құнымен қайтарады.  

Үшіншіден, валютаның құнсыздануына байланысты қарызды қайтару. Бұған байланысты бірнеше көзқарас бар:

1. Көпшілік ғалымдардың көзқарасы бойынша, қарыз қай валютамен берілсе, оны арттырмай және кемітпей сол валютамен қайтару керек. Сондай-ақ қарызды беру барысында басқа валютамен қайтаруды шарт ету дұрыс емес. Ал қарызды қайтарып жатқанда басқа валютамен өтеуге келіссе, сол күнгі валюта құнымен өтеудің оқасы жоқ.  

2. Имам Әбу Юсуфтың пікірі бойынша, валюта құнсызданған жағдайда қарызды алған күнгі ақшаның құнымен қайтарады. 

3. Мәлики мазһабының бір көзқарасында арадағы айырмашылық көп болса, ақшаның құны қайтарылады. Ал аз болса, алған ақшаның өзі қайтарылады.

Валюта құнсызданған жағдайда ақшаның құны үштен бірі немесе одан да көп болып, тараптардың арасында дау-дамай туындаса, екі тарап өзара бір бітімге келуі керек. Өйткені қарыздың өзін қайтарса, қарыз алушы, ал құнын қайтарса, қарыз беруші зиян шегіп қалады. 

ҮКІМ:

1. Қарыз алтын, күміс немесе өлшенетін нәрсе болса, құны өзгеруіне қарамастан өзін қайтарады.

2. Қалыпты әрі ақша аз мөлшерде құнсызданған жағдайда қарыз қай валютамен берілсе, сол валютамен қайтарылады.

3. Қаржылық инфляция жағдайында қарызды беру және қайтару уақытындағы ақшаның құны үштен бірі немесе одан да көп болса, онда тараптар өзара бір бітімге келеді немесе қазиға жүгініп, шешімін алады.

4. Инфляция күтілетін жағдайда екі тарап қарызды (алтын, күміс, т.с.с.) бағасы қатты өзгермейтін заттың құнымен қайтаруға келіскен жөн.