Қаңтар оқиғасы бойынша 9 құқық қорғау қызметкері ұсталған

Қаңтар оқиғасы бойынша 9 құқық қорғау қызметкері ұсталған
Сурет: Inbusiness.kz

Азаптау дерегі бойынша 203 қылмыстық іс қозғалды.

Бас прокуратураның отырысында қаңтар оқиғасындағы азаматтардың конституциялық құқығын сақтау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, отырысқа Бас прокурордың міндетін атқарушы Берік Асылов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова,  Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Вранчев, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты.

Берік Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайғылы оқиғаның себептері мұқият тергеп-тексеріліп жатқанын атап өтті.

«Қазір біз бейбіт митингтерді әртүрлі күштердің пайдаланғанын нақты білеміз. Ұйымдастырушылар деструктивті және қылмыстық топтарды тартып, қаруландырып, олардың әрекеттерін үйлестірген. Тәртіпсіздіктер азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықпен, қиратумен және тонаумен қатар жүрген. Олардың мақсаты халықты қорқытып, биліктің жұмысына тосқауыл қою болды», - деді Бас прокурордың міндетін атқарушы.

Бас прокуратура Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев қаңтар оқиғасы кезінде және кейін ұсталғандардың құқығын қорғау ерекше бақылауда екенін жеткізді.

«Бүгінде азаптау және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалды. Олардың ішіндегі ең резонанс тудырғандарын арнайы прокурорлар тексеріп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталғандарға қатысты заңсыз тергеу әдістерін қолданды деген күдікпен 9 қызметкер ұсталды», - деді басшы.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы салдарынан тергеу-жедел топтары терроризм актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық істі тергеуде. Бұл істер бойынша 737 күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр. Серік Шалабаев бұлтартпау шарасын өзгертумен 307 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 27 жасөспірім қамаудан босатылғанын, 2 жасөспірім қамауда отырғанын айтты.  Бүгінде бұлтартпау шарасын өзгерту туралы арнайы прокурорлардан тағы 22 адамға қатысты материалдар түскен.