Қаңтар оқиғасы: Алматы облыстық ҰҚКД-ның экс-басшысы 6 жылға сотталды

Қаңтар оқиғасы: Алматы облыстық ҰҚКД-ның экс-басшысы 6 жылға сотталды
Сурет: Ашық дереккөз

Құпия құжаттаманы жоюға заңсыз бұйрық берген

Талдықорған қалалық сотында лауазымды адамның өз құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс және ауыр зардаптарға әкеліп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануы фактісі (ҚР ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігі) бойынша К-ге қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

"Сотпен анықталғандай, К. Алматы облысы ҰҚКД бастығы бола тұра, өзінің лауазымдық өкілеттігінен асыра пайдалана отырып, 2022 жылғы 5 қаңтарда орын алған оқиғаларды ескере отырып, өзінің лауазымдық міндеттерін елемей, жеке құрамға департамент ғимаратын қорғау жөнінде шаралар қолданбауға; әкімшілік ғимараттан кетуге; қызметтік және құпия құжаттаманы жоюға және тұрғылықты жерлеріне тарауға заңсыз бұйрық берген, нәтижесінде кейіннен ҰҚКД ғимаратын басып алуға әкеліп соқтырды ("құпия" деген белгіге байланысты басқа мән-жайларды жария ету мүмкін емес)", - делінген Талдықорған қалалық соты таратқан мәліметте.

Сот үкімімен К. 362-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 10 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны да нақтыланады.

"Қазақстан Республикасының Президентіне К.-ге қатысты Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағынан және мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы ұсыныс енгізілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ", - делінген хабарламада.