Қаңтар неге үйленуге қолайсыз?

Қаңтар неге үйленуге қолайсыз?
Сурет: Элеонора Жаңабергенқызы

Осы айда отау көтеру шынымен «қауіпті» ме?

Қаңтар жылдың басы болғанымен, көл-көсір дастарқанмен шырша тойын тойлаған қазақ осы айда той жасай бермейтін. «Қаңтарда отау құрмайдыны» бала кезден естіп келеміз. Статистикалық мәліметтер бойынша да, дүние жүзінде некеге отыру рәсімі мүлде аз өтетін ай қаңтар екен. Қазақтар ғана емес, өзге ұлттарда да қаңтар үйленуге аса қолайлы уақыт саналмаған. wday.ru сайтының жазуынша, қаңтарда некелескендердің ерте жесір қалуы мүмкін деген сенім де бар екен.

Қазір бұған көп адам сене қоймайтын сияқты. Қыстың қақаған аязында да той толастамайтын болды. «Қаңтарылып қаладыны» ескермейтін тойшыл қауым қыз ұзатып, келін алудан басқа да қуаныштың түр-түрін дәстүрлі тойға айналдырып жіберді.

«Шаншар» әзіл-сықақ театрының актері Жүсіп Ақшора 200-250 адамның басын қосып, сүндет той, бесік той жасайтын ата-ананың көбейгенін айтады. Әзілкештің пікірінше, үйлену тойы мен ұзату тойды ғана жасаған орынды екен.

«Тойды тоқтату керек. Жартысынан көбін алып тастау керек. Үйлену тойы мен ұзату қалсын. Бұрында сүндет той деген болмаған еді ғой. Мал сойып, құран оқытып, ақсақалдардың батасын алса болды. Бесік тойдың не керегі бар? Кезінде бес кемпір келіп, бесікке салып, кәмпитін шашып кететін», дейді актер.

Өнер иесі тойға шақырылған қонақтың барлығы қуанышты бөлісу үшін шын ниетімен келмейтінін де сөз етті.

«Қазір 200-250 адам шақырасың. Алыстағы ағайындарыңды шақырасың. Олардың барлығы шын ниетімен қуанып келе жатыр дейсің бе? «Бәле болды ғой осы. Өткенде ғана той жасап еді» деп келеді. Жолда да неше түрлі жағдай болады, қайтыс болғандар да бар. Юбилей деген де бар. Біреудің туған күнінің кімге не керегі бар? Тусаң өзің үшін тудың», дейді актер.

Бұл айда той-томалақ, мереке, думанның бола бермейтінінің бір себебі – халқымыздың өмір сүру салтымен де байланысты. Қыс қаһарына мінген, ерекше суық ауа райы көшпенді өмір сүрген ағайынның ауыл арасындағы байланысын қиындатып, көпшілік бұл айда үй арасынан алыстай бермейтін болған. Осы кезеңде мал төлдеп, малмен таңы атып, күні батқан қазақтың бейнеті де көбейетін. Сарышұнақ аязда жаңа туған төлді үсіріп алмау, түн баласы буаз малды күзетіп шығу деген жауапкершілік той тойлауға мойын бұрғызбаған да болар.

Біз мұның күнделікті тіршілікке қатысты жағын ғана айтып өттік. Қаңтарда той жасамаудың басқа бір біз білмейтін себебі бар ма екен деген оймен ұлттық әдет-ғұрпымызды зерттеп жүрген этнограф ретінде, журналист-жазушы, Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаевтың пікірін сұраған едік.

– Марат аға, ұлттық әдет-ғұрпымызды зерттеп жүрген этнограф ретінде «Қаңтар» ұғымына қатысты түсінік бере кетіңізші?! Бұрын қаңтарда той жасамайтын, үйленбейтін, қазір оған қарамайтын болды, «қаңтарылып қаладының» қаншалықты әсері болатынын өмірде байқаған кезіңіз болды ма?  Көрсеңіз, мысал келтірсеңіз? Мұның шығу тегі қалай? Тек қана табиғи жағдаймен байланысты ма?

– Иә, қазақ халқында ежелден «қаңтарда қыз бермейді» деген наным бар. Оның діни астары жоқ. Ол ең алдымен қыстың қатаң табиғи ерекшелігіне және тұрмыстық қиыншылықтарға байланысты. Өйткені желтоқсанның аяғында жарық күн мерзімі барынша қысқарып, түн барынша ұзаратынын білеміз. Қаңтар айында «Күн – жазға, суық – аязға беттейді» демекші, ең боранды, суық кезең келеді.  Мұндай кезде қыз ұзатып, келін түсіріп шаттыққа кенелу де қиын, әсіресе жол жүрмеген абзал. Күннің қысқалығынан тез көз байланып, қараңғы түсіп кетеді. Әсіресе құбылып тұратын ауа райында бұл өте қауіпті. Ертеде мал соңында жүргендердің арасында адасып кетіп үсіп өлетіндер де аз болмайтын. Сондықтан да «қаңтарда ұзатылған қыз қаңтарылып қалады» деп сақтандырады. Ал қазіргідей жол көлік саласы дамыған шақта ондай сақтандырудың мәні кете бастаған сыңайлы. Сонда да өз басым әлі күнге қаңтарда ұзатылған қыз көрген емеспін. Сірә, бүгінгі қазақтар да ата-бабаның дәстүрлік жолынан ажырағысы келмейтін тәрізді. Қыз ұзатудағы басты ескеретін нәрсе жол ұзақ болып, амалсыз жолай қонай-түней жүретін жағдайда әкесі шариғат жолымен қызы мен күйеу баланың некесін қидыртып аттандырады.

Күннің барынша қысқарып, байлап қойғандай қаңтарылып тұрып қалуына байланысты бұл айды «қаңтар» деп атаған. Бұдан кейін күн қайтадан ұзара бастайды. Дана халқымыздың «қаңтарда күн қарға адым ұзарады» деген сөзі осыған дәлел.

Мал баққан қазақ ой да баққан, өзіне тән даналығы, болжамы қағазға көп түспесе де ауыздан ауызға тараған. Күннің шығуы мен батуын, ауа райының құбылуын еш құрылғысыз-ақ шамалап білген бабалар тәжірибесіне сүйеніп, қазақы түсінікке сай болжам жасайтын жұлдызшылар қазіргі технологиясы қарыштап дамыған заманда да бар. Сөзіміздің тұздығы ретінде Almaty-akshamy газетінің «Қазақы пайым» айдарының тұрақты шолушысы Сәрсенбек Бекмұратұлының қаңтар айына қатысты жазғанын келтірейік:

– «Қаңтар келмей, қарға жарымайсың» деген қаңтар айы ортасынан ауды. Бірақ қаңтардың аязды да, қарды да қаңтаруға әзір әлі келер емес. Қазақ есепшілері күн мен түннің қысқаруы мен ұзаруын  бақылап, «Шілдеде күн шіл адым қысқарады» (шілденің 22-нен бастап), «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» (қаңтар айының 22-нен бастап) деп есеп жасаған. Күн мен түннің теңелуін, қысқаруын, ұзаруын дұрыс анықтау халықтың тұрмысы мен шаруасына айтарлықтай ықпал етеді. Мысалы, күн айналып, шығыстан шығып, батыстан батады, жаңа ай батыстан туып, батыстан батады. Табиғаттың бұл сырларын қазіргі заманғы астрономия ғылымы да дәлелдеп отыр. Қаңтардың 20 жаңасынан Тоқырау амалы көрініс береді. Мұны «қара суық» деп те атаған. Үскіріктің аса қатты кезі. Бұл амалды «қызыл соғып тұр» деп те, «қызылдатып тұр» деп те атайды. Осы мезгілде аяз бетті қарып, үскірік жалап тұрады. Ағаш бұтақтарына сүңгі қатып, қар кеш батқанша қылаулап жауады. Қысқы тоқырау мезгілі болғандықтан тоқырау деп аталса керек. Есепшілер осы амалдан бастап күннің ұзаруы қарқын алады деп санаған. Тоқыраудың тағы бір аты – қылау. Аспан денелерінің қозғалысына қарағанда алдағы аптада Алматыда жылылық сақталады. Айдың ортасы болғандықтан жауын-шашын көрініс беруі де ғажап емес...