Қаңтар бөгет салады, оны ақпан бұзады...

Қаңтар бөгет салады, оны ақпан бұзады...
almaty-akshamy.kz

Қазақтың әр айда келетін амалдарының саны жиырма төрт. Бұл амалдар екі-екіден он екі айдан орын алған. Алғашқы он екісі (наурыздан бастап) – шуақты, жылы болып келетін алты айдыкі, екінші он екісі (қыркүйектен бастап) – қытымыр, дауылды болатын алты айдың еншісінде. Олар өз ішінен үшеуі – көктем маусымына, үшеуі – жаз маусымына, үшеуі – күз маусымына, үшеуі – қыс маусымына бөлінеді. Бабалардың  болжамдарына сай, айтқан, ескерткен пайымдарына сүйене отырып, мен сол 24 амалды түгел жыл бойы (2023 ж.) атап көрсеттім. Әрбір амалдың уақытын, мінезін, қандай қаупі барын, олардан  бабаларымыздың қалай сақтанғанын жаздым.

Қазір өткен жолы жазғанымдай, Тоқырау  амалы біту қарсаңында. Мұны «қара суық» деп те атаған. Бұл кез – үскіріктің аса қатты кезі. Бұл амалды «қызыл соғып тұр» деп те, «қызылдатып тұр» деп те атайды. Осы мезгілде аяз бетті қарып, үскірік жалап тұрады. Ағаш бұтақтарына сүңгі қатып, қар кеш батқанша қылаулап жауады.

Қысқы тоқырау мезгілі болғандықтан «тоқырау» деп те атаған. Есепшілер осы амалдан бастап күннің ұзаруы қарқын алады деп санайды. Тоқыраудың тағы бір аты – қылау. Қардың қылаулап жауатынына байланысты қойылса керек. «Қыс шілдесі» қатар жүріп жатыр. Қаңтардың соңғы күндері қыс күшіне еніп, сақылдаған сары аяз орнайды. Қыстың осындай нағыз өз күшіне енген уақытын «қыс шілдесі» дейді. Ол туралы өткен жолы жазғанбыз. Қаңтардың тұяқсерпері десе де болады.

...Әлеуметтік желіде жыланның видеосы тарады. Сол-ақ екен, талқылау, пікір таласы басталды да кетті. Қақаған қыста жыланның асфалть жолда жортуы кім-кімді де таңқалдырды әрі ойландырды. Желі қолданушылар өз пайымдарын жазып жатты. Бірі жақсылыққа жорыса, екіншісі тосын жағдай болуы мүмкін деп топшылады...

Жылан туралы қазақта түрлі жорамал бар. «Жылан жылы жылыс (жайлы) болды», «Жылан жылы – жайлы» деп жатады. «Жылан төсін көрсетсе, жер толқиды» деген де тәмсіл бар. 22 қаңтар күнгі тосын жер тербелісі осы соңғы тәмсілге саяды. Дала данышпаны атанған бабалардың «Адам түшкіргенде жеңілдейді, жылқы пысқырғанда жеңілдейді, жер сілкінгенде жеңілдейді» деген парасатты пайымы да бар емес пе? Олай болса, жоғарыдағы құбылыстарды жақсылыққа жорығанымыз жөн. Егемен еліміздің ертеңі жарқын болсын. Алдағы күнге ізгі тілекпен, игі ниетпен қарайық!

Жылқыға жабу жапқызған адуынды Ақпан есік қағып тұр. Данагөй бабаларымыз: «Қаңтар – аяз айы, ақпан – боран айы»  немесе «Қаңтар бөгет салады, оны ақпан бұзады» деп қауіптенген. «Білмесең білдірем, білсең бүлдірем!» дейтін де осы ай...

Бұл аязды күндер ақпанның алғашқы аптасына дейін жалғасады. Ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні тоқтайды. Өйткені, осы түнде Үркер жоғарылап бара жатқан бағытын өзгертіп, батысқа бет бұрады (төмендейді). Мұны қазекең «Үркердің аууы» деп атаған. Жетіқарақшының  шөміші төмен қарай салбырап, сабы жоғары көтеріледі. Сол мезгілден бастап суық күндер қатары сирейді...