Қаңғыбас иттер мәселесі Экология министрлігіне жетті

Қаңғыбас иттер мәселесі Экология министрлігіне жетті
Сурет: Тengrinews.kz

Мемлекет басшысының өзі бұл мәселеге арнайы тоқталған еді.

Үкіметте Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша өткен кеңесте қаңғыбас иттер мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Атап айтқанда, Экология министрлігіне бұл мәселені шешуге халықаралық тәжірибені ескере отырып қарау және заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеу тапсырылды.

19 сәуірде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жиында Мемлекет басшысы бұл мәселеге тоқталып, осы бойынша үнемі арыз-шағымдар түсіп жатқанын атап өтті.

"Маған барлық облыстардан қаңғыбас иттер туралы арыз-шағымдар келіп түседі, онымен құзырлы органдардың ешқайсысы айналыспайды, барлығы тиісті заңға сүйенеді. Бірақ осы жолмен жүрсек, жағдайды бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін. Иә, жануарларға қамқорлық жасау керек. Бірақ олардың адамдарға, әсіресе, балаларға қатысты агрессиясына жол беруге болмайды. Ал қаңғыбас иттердің шабуылынан зардап шеккендердің саны артып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Шара қабылдаңыздар", - деді Тоқаев.