Алматыда жекеменшік емханада ем алған ер адам қайтыс болды

Алматыда жекеменшік емханада ем алған ер адам қайтыс болды
Inform.kz

Алматыдағы жекеменшік емханалардың бірінде 55 жастағы ер адам қайтыс болды. Марқұмның туыстарының айтуынша, отадан кейін ер адамда анафилактикалық шок болған, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.

Жазба авторының айтуынша, ер адамның екі тісін жұлып, имплант орнату керек болған. Алайда марқұмның баласының айтуынша, отадан кейін әкесінде анафилактикалық шок болған.

«Емхана қызметкерлерінің біліктілігі төмен, анафилактикалық шок кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетпеген. Олар адамды құтқаруға болатын құнды уақытты жіберіп алды. Дәрігерлер оған шай ішуді ұсынған. Ауруханаға жеткізу кезінде "жедел жәрдемде" ешкім еріп жүрмеген, тамыр соғысы тоқтап қалған. Ол 55 жаста, дені сау, көңілді адам еді.

Хирургпен, бас дәрігермен сөйлескен кезде, олардың хаттамаларды орындамайтыны белгілі болды: ота жасауға келісім алып, науқастарға талдау жасамайды, операция алдында кардиограмма жасап, анестетиктерге тест алмайды. Барлық келісім тек сөз жүзінде. Емхана қызметкерлері қабілетсіз, олардың салғырттығынан әкем қайтыс болды», - делінген жазбада.

Ер адам орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Медицина мекемесі баспасөз қызметінің мәліметінше, ауруханаға түскен кезде науқас клиникалық өлім жағдайында болған.

«Науқас орталық қалалық клиникалық аурухананың жедел жәрдем бөліміне клиникалық өлім жағдайында анафилактикалық шок диагнозымен түсті. Пульс жоқ, жүрек соғысы естілмеді. 30 минут реанимация жүргізілді, бірақ, өкінішке қарай, аман алып қала алмадық. Жүрек жұмысын қалпына келтіру мүмкін болмады», - деп хабарлады орталық қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі.