Қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді

Қандастарды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді
Сурет: Gov.kz

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы 9 483 адам деп белгіленді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 554 адамға артық, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Бұйрықтың мақсаты Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы қоныстандыру. 2024 жылы өңірлік квота облыстар бойынша төмендегідей бөлінді:

- қандастар үшін: Павлодар облысы – 902, Қостанай облысы – 550, Ақмола облысы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 269, Солтүстік Қазақстан облысы – 207 адам, Абай облысы – 220 адам;

- қоныс аударушылар үшін: Солтүстік Қазақстан облысы – 2 702, Павлодар облысы – 2 603, Қостанай облысы – 950, Шығыс Қазақстан облысы – 372, Абай облысы – 255, Ұлытау облысы – 132, Қарағанды облысы – 36 адам.

Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:

- көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК бойынша біржолғы төлем;

- 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар;

- 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілер үшін субсидиялар;

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

Естеріңізге сала кетейік, 1991 жылдан бастап 2024 жылғы 1 қаңтар аралығында 1 млн 128,37 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралды.

2023 жылы 21,3 мың этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды.