Қадыр Мырза ӘЛІ: Пенде – кемшіліктен кенде болмайды

Қадыр Мырза ӘЛІ:  Пенде – кемшіліктен кенде болмайды
almaty-akshamy.kz

Адам болсаң, адал бол,

Жігіт болсаң, жайсаң бол!

***

Ер-азамат Елі үшін туады,

Елі үшін өледі.

***

Азаматтың асылы –

Арыстанның нәсілі.

***

Жігіттің екі айтқаны – бір өлгені.

***

Ер жігіт не үйінде, не үйірінде.

***

Арыстан ізінен,

Азамат сөзінен жаңылмайды.

***

Түк шықпаған адамнан бәрі шығады.

***

Кемеңгердің құдіреті кішіпейілділігінде.

***

Үлкендіктің басты белгісі – кішілік.

***

Сүрінбейтін жүйрік жоқ,

Жаңылмайтын жігіт жоқ.

***

Үміт қанша жасаса,

Адам сонша жасайды.

***

Ең бастысы ұмытпа:

Өмір барда – үміт бар.

***

Адам аяғынан тозады,

Құлағынан азады.

***

Салиқалы ақыл сақалдан,

Бірақ сақалдың айтқаны бола бермейді.

***

Ақыл сақалды сыйлайды,

Бірақ сиынбайды.

***

Сақал қымбат,

Бірақ Бас үшін ол да құрбан.

***

Періште пендені түзей алмайды,

Пенде періштені бұза алады.

***

Пенде – кемшіліктен кенде болмайды.

***

Өз бағасын өзі жақсы білетін адам

Саудаласпай-ақ сарыла салады.

***

Ағаш тамырсыз,

Адам Тәңірсіз болмайды.

***

Жетесіз ақылы

Адам да мақұлық.

***

Алтын болып не керек?

Алтынға бола бұзылып не керек?

Адамға адам болу жетпей ме?!

***

Адамның жаны ішінде,

Жанары сыртында.

***

Адамзат опат болса,

Артында тек ақымақтар ғана қалады.

***

Адамдармен араласпасаң күн көре алмайсың,

Аралассаң, күн көрсетпейді.

***

Адамзаттың жүз ұсақ пенделігін

Жасаған бір жақсылығы шайып кетеді.

***

Жақсы адамнан шарапат,

Жаманнан жарақат.

***

Адам боламын деген азамат

Адам болмай тынбайды.

***

Адам қызық:

Біреу емініп тұрады,

Біреу тебініп тұрады.

***

Бір адамның адам болғанын

Екінші адам қалап жарытпайды.

***

Адамның ең тыныш кезі

Құрсақта жатқан кезі шығар.

***

Тағдыр маған ыржиып қарады деп қателеспе,

Ол оның саған азуын көрсеткені.

***

Егер адам үндемесе,

Ол оның құпия жасағаны емес,

Жанын сақтағаны.

***

Әдетте адам өзіне өзі ұнамайды.

Сондықтан үнемі өзге рөлде ойнап жүреді.

***

Өзін өзі таба алмаған адам

Жоғалтып та жарытпайды.

***

Адамның алдыңғы екі аяғы қолға айналған.

Ол не үшін керек?

***

Адамдардың көпшілігі бірін-бірі жек көреді,

Өйткені бірін-бірі өте жақсы біледі.

***

Жақсы адам жанашыр келеді.

***

Ниеті түзу адамның жолы да түзу болады.

***

Бір қаптанбыз,

Бір саптанбыз,

Қасиетті құрсақтанбыз –

Ел деген үй ұстаймыз,

Бірақ та сыйыспаймыз.

***

Ешқашанда адамға теріс қарама,

Өйткені бетіңді әрі бұрсаң,

Көтің бері бұрылады.

***

Алтынның соңына түскен адамның құны

Алты-ақ тиын!

***

Адамгершілік алға сүйрейді,

Пендешілік кейін тартады.

***

Адам деген

Қырық қабат құрамы

Пенделіктен тұрады.

***

Өмір тұрған өрт:

Өртенесің, күйінесің!

***

Байсың, кедейсің.

Бәрібір салық төлейсің.

***

Адам бақытын қуып жете алмайды,

Қасірет-қайғы қыр-соңыңнан қалмайды.

***

Сыпайылықты сақтайсың,

Сонда да жұртқа жақпайсың.

***

Адамның жауы – адам.

***

Сен адамды түсінбейсің табанда.

Періште емес,

Сайтан жақсы одан да.

***

Қып-қызыл боп от жанады көзінде,

Кім-кімнің де жыны ұстаған кезінде.

***

Көмейден бәрі өтеді, бәрі өтеді,

Адамның түбіне ындын жетеді.

***

Түрлі-түрлі тілекпен

Пенделердің күні өткен.

Жақсылығы жарық та,

Жамандығы – түнектен.

***

Адамды көргенде бауырым екен деп қаласың.

***

Алтынды аса жақсы көретін адам

Адамды жақсы көре алмайды.

***

Адал және арам,

Екеуі де адам.

Жақсы және жаман,

Тағы да сол адам.

***

Арын төккен адам – бәрін төккен адам.

***

Ардагер болмай да адам бола аласың.

Алайда адам бола алмасаң,

Ардагер бола алмайсың.

***

Батыр да адам,

Пақыр да адам.

***

Өмір бақи қысылып,

Өмір сүреді кісілік.

***

Үйленген адамның өмірі қысқармағанмен,

Өмірбаяны қысқарады.

***

Адамның бағасы абыройында.

***

Адамның өмірі қиын болған сайын

Өмірбаяны бай болады.

***

Адамның алғашқы ұстазы – хайуандар.

***

Адам дегенде аузың талады,

Өйткені ол саяси-қоғамдық мақұлық.

***

Адамның азуы сұмдық өткір,

Көмейі одан да қауіпті.

***

Адамның басқа хайуандардан айырмашылығы не?

Ол жылайды және басқаларды жылата біледі.

***

Адамның тамыры

Тамұқтан нәр алады.

***

Адамзаттың құрамында қанша адам бар?

Меніңше, онша көп те емес.

***

Менделеев кестесінен табылмаған элемент қанша?

Адам бойындағы беймәлім қасиеттер одан да көп!

***

Адамның бітірген шаруасы – Адамның бағасы.

***

Адам десе кейде,

Көкке жетер төбең.

Адам бірақ кейде,

Айуаннан да төмен.

***

Лай суға үңіліп кейде бірдеңе көруге болады.

Адамның ішінде не болып жатқанын

біле алмайсың.

***

Адам өзінің кім екенін жақсы білмейді.

Білсе, жүрегі айныр еді.

***

Адамның күш-қуаты хайуандығында.

Осалдығы, өкінішіне орай, адамдығында.

***

Адамның бір өкпесі ақ,

Бір өкпесі қара.

***

Адам – жарты Құдай,

Жарты пенде.

***

Оқыған-оқымаған адамнан

Қара танымайтын қасқыр артық.

***

Адам – пластилин.

Қоғам одан не істеймін десе, соны істейді.

***

Бәленбай ғасыр, бәленбай дәуірді

Бастан кешкен адамзаттың бар болғаны осы.

Енді ол бұзыла түспесе, түзелмейді.

***

Адамға байлық керек.

Бірақ ол байып болғанша,

Адамдық ғайып болады.

***

Адамның сатылған күні –

Оның атылған күні.

***

Хайуан хайуан боп туып,

Хайуан боп өледі.

Адам періште боп туады,

Неге періште боп өлмейді?!

***

Адам болсаң өзің үшін,

Тап содан әулие болып жатқан жанды көрмедім.